KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3,5 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Өскеменнің тұрғыны Алтайдан Атырауға дейін жүгіруге дайындалып жатыр

20.06.2019, 04:52 150

2017 жылы Өскеменнен Астанаға дейін жүгіріп барған жігіт енді  Алтайдан Атырауға дейінгі қашықтықты бағындырамын деп отыр. 3800 шақырымды ол 60 күннің ішінде жүгіріп өтпек, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Тоқтар Ғалымжан екі жыл бұрын ЭКСПО-ның құрметіне 1000 шақырымды жүгіріп өткен болатын. Өскеменнен Астанаға ол 16 күннің ішінде жетіп, жоспарлаған бағытын ойдағыдай аяқтаған еді. Ғалымжанның бұл жолғы жоспары тіпті ауқымды – 3800 шақырым.

-Қазақстанның солтүстігімен жағымен Астанаға дейін жүгірдім, енді оңтүстік арқылы батысқа дейін жетемін, яғни Ертіске бетімді жуып шығып, Каспидің жағасына жетіп бірақ аялдаймын. Өскемен – Алматы – Шымкент – Түркістан – Қызылорда – Қандағаш – Мақат –Атырау бағытындағы тас жолдың бойымен жүгірсем деген жоспарым бар, бірақ бағыттар өзгеруі мүмкін,-дейді ол.

Ғалымжан Өскемен қаласының тұрғыны. 1988 жылы Қытай Халық республикасында дүниеге келген. Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс істейді, отбасылы, бала-шағасы бар. Айтуынша, 2017 жылғы жүгірісте бабы онша келіспепті, қазыр физикалық жағынан дайын. Күн сайын таңертең және жұмыстан келгенде бірнеше сағат жүгіреді екен. Демалыс күндерін де жүгіріске арнап жүр.

-Астана сапарындағы алғашқы үш күнім қиын болды, бұлшық ет тартылып, ауырып. Ол кезде дайындығым аздау еді. Бұл жолы бәйгеге жаратылған аттай өзімді өзім баптап жүрмін, шығыстың аттары 140 шақырымға шауып жатыр, енді адамдары 3800 шақырымға жүгіргенін көрсін,- деп күледі  өзі. – Ол кезде артымнан машина еріп отырды. «Жолда көлікке отырып алыпты, сөйтіпті-бүйтіпті» деген әңгімелерді де естідім. Шынымды айтайын, сол намысыма қатты тиді. Бұл жолы рюкзакпен ғана шығамын. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген. Үрлемелі үйшік, бір қабат киім, ұялы телефон қуаттандыратын құрылғылар сияқты ең қажет дүниелермен ғана. Сосын GPS бақылау орнатып, оны адамдар әлеуметтік желі не басқа бағадарламалар арқылы көріп отыра алатын мүмкіндік қарастырып жатырмын.   

Ғалымжан шілде айының 20-да Өскеменнен шығып 60-65 күннің ішінде  Атырауға жетемін дейді. Күніне кем дегенде 60 шақырымды бағындырады.  Күш-қуатын сынауға, адам мүмкіншілігінің шексіздігін, қазақ даласының кеңдігін көрсетуді өзіне мақсат етіпті. Демеуші болам деген адамдар болса құба-құп, болмаса еңбек демалысына алатын ақшамның бір бөлігін жеткіземін дейді. Айтпақшы, "Алтай-Атырау" бағытын ойдағыдай жүгіріп шықса, 2020 жылы "Алтайдан Олимпиадаға" бағытына, яғни Өскеменнен Токиоға дейін Ресей территориясы арқылы жүгіруді ойлап жүргенін де айта кетейік.

Тоқтар Ғалымжанның бастамасына сәттілік тілейміз. Хабарласам дегендер болса телефоны міне: +7 778-926-26-22

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив