Джеруто «Гауһар лига» кезеңдерінің рекордын орнатты
Норвегия астанасы Ослода өткен жеңіл атлетикадан «Гауһар лига» додасының кезеңінде «Altay Athletics» клубының спортшысы тамаша нәтиже көрсетті.
Аталмыш жарыс аясында ұйымдастырылған кедергілері бар үш мың метр қашықтыққа жүгіру сайысына шығысқазақстандық клубтың екі өкілі, атап айтсақ, Нора Джеруто мен Дэйзи Джипкемей қатысқан болатын.
Экс-кениялық спортшылар жарыс жолының басым бөлігін бұрынғы отандастары Каролин Тигонг пен Беатрис Чепкоечтың көлеңкесінде өткізді, тек мәреге дейін соңғы айналым қалғанда ғана қарқынын үдеткен алтайлық «қара маржандар» нәтижесінде биылғы маусымдағы үздік нәтижелерін көрсетті.
Бұл, әсіресе Нора Джерутоға қатысты. Былтыр Қазақстан азаматтығын алған кениялық төрт спортшының бірі Ослодағы жарыс жолын 9,03 минутта жүгіріп өтті. Аталмыш көрсеткіш биылғы маусымда «Гауһар лига» аясындағы жарыстарда тіркелген үздік нәтиже екенін атап өткен орынды.
Тағы бір спортшымыз Дэйзи Джипкемей сайысты бесінші орында аяқтаса да, оның да жетістігі елеулі болды. Себебі, Дэйзи үш мың метр қашықтықты 9,10 минутта жүгіріп өтіп, өзінің бұған дейінгі рекордын жаңарта алды.
Айта кетейік, бұл сайысқа жерлестерімізден бөлек, жастар арасындағы екі дүркін Әлем чемпионы Селлифин Чептик Чеспол (Кения), Перут Чемутай (Уганда), Азия чемпионы Уинфред Мутиль Яви (Бахрейн), 3 500 метрге жүгіруде әлемдік рекорд орнатқан Беатрис Чепкоеч (Кения), Әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Хивин Киенг Джепкемои (Кения) және соңғы әлемдік біріншіліктің жеңімпазы Эмма Кобурн (АҚШ) сынды саңлақтар қатысқан болатын.