KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Өскеменде жастарға арналған мансаптық воркшоп өтті

19.04.2025, 15:30 478 Ержан Әбіш

18 сәуір күні Өскемен қаласында өз кәсібін енді бастағандар мен мансап жолын қайта құруды көздеген жандарға арналған тәжірибелік воркшоп ұйымдастырылды. Аталған шарада қатысушылар тек мотивация алып қана қоймай, кәсіби дамуға қажет нақты құралдармен де танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алғашқы болып сөз алған «Атамекен» ҚР ҰКП ШҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова қатысушыларға сатушыдан директор лауазымына дейінгі өзінің еңбек жолын шынайы әрі әсерлі түрде баяндап берді. Елена Николаевна сәтсіздіктер мен қиындықтардың табысқа жету жолындағы маңызды тәжірибе екенін атап өтті. Сонымен қатар ол тыңдаушыларға өзгерістен қорықпауға, жауапкершіліктен қашпауға және әрбір кедергіні мүмкіндікке айналдыруға кеңес берді.

Келесі тренингтің жүргізушісі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың психологиялық қызметінің жетекшісі Нұргүл Жарасбаева жұмыс іздеуге және сұхбаттан өтуге кедергі келтіретін ішкі сенімсіздік, қорқыныш пен жалған сенімдер жөнінде сөз қозғады. Қатысушылар өзін-өзі төмен бағалау сынды мәселелермен қалай күресуге болатынын, өзін сенімді ұстау үшін қандай әдістер қолдану керектігін үйренді.

Шара соңында сөз алған «Өскемен ЖЭО» ЖШС корпоративтік оқыту орталығының жетекшісі Наталья Слабодчикова уақытты тиімді басқару тәсілдерімен, мақсат қою мен күйзелістің алдын алу жолдарымен бөлісті. Қатысушылар қарапайым, бірақ нәтижелі тайм-менеджмент құралдарын меңгеріп, кәсіби және жеке өмір арасында тепе-теңдікті сақтаудың маңызын түсінді.

Бұл воркшоп жастарға өзін-өзі дамытуға, сенімділік пен мақсаткерлікке жетелейтін маңызды алаң болды. Шараны ұйымдастырушылар мен спикерлердің тәжірибесі қатысушыларға нақты бағыт-бағдар беріп, шабыт сыйлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу