KZ
Өскемен
+7°
ясно Штиль
480.11 532.25 5.14

Өскеменде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы көше ресми ашылды

31.05.2019, 06:48 130

Өскеменде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы көше ресми ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, қазақтың тұңғыш теміржолшы-инженерінің атындағы көше Защита ықшамауданында! Пойыз бекетінен түскен қонақтарды Теміржолшылар көшесі қалаға қарай бастап барса, соған параллель жатқан бұл көше жүргіншілерді Глубоке ауданына шығарып салады.

Мұхамеджан Тынышпаев атындағы тыныш көше осы. 

Көше бойындағы №22 орта мектеп бұл.

Көше мен теміржол бекетінің аралығында шағын базар мен саябақ бар.

– Мұхамеджан Тынышпаевқа теміржолшылардың шоғырланған жерінен ұзындығы үш шақырымға созылған көше бердік. Бұл – осы жердегі үлкен көшелердің бірі. Осы ісіміз арқылы біз қала халқының жүрегінен Мұхамеджан Тынышпаевтың алатын орынын белгілеп бердік деп ойлаймыз. Өздеріңіз көргендей, оқушылар ол кісіні білмей жатыр. Бұл олардың кәнісі емес. Ендігі жерде қаланың орталығында көшесі тұрған соң әрдайым есте ұстайтын болады, – деген шаһар басшысы Жақсылық Омар көшенің ашылу рәсімі Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

– Репрессия жылдары – еліміздің ең қасіретті кезеңі. Біз осынау ұлы тұлғаларымыздың істеп кеткен ісінің арқасында көк байрақтың астында тәуелсіз тірлік кешіп жатырмыз. Арыстарымызға қандай құрмет көрсетсек те лайық, – деді Ж.Омар.

Іс-шараға облыстық ономостикалық комиссияның мүшелері мен теміржолшылар қатысты.

– Бүгін әйгілі Түріксіб теміржолын жобалаушы қазақтың бас теміржолшы-инженерінің атына көше берілді. Бұл іске облыстық ономостикалық комиссияның отырысында ұсыныс айтқан ардагер теміржолшыларымыздың үлесі тиді деп есептейміз. Мұхамеджан Тынышпаев есімі елімізде жақсы насихатталып жатыр. Ең үлкен насихат – Алматыдағы көлік және коммуникациялар академиясының сол кісінің атымен аталғаны. Осы оқу орынын тәмамдаған кез келген теміржолшы тұңғыш инженерді еш уақытта ұмытпауы керек, – деді облыстық теміржол бөлімшесінің бас инженері Отарбек Қасымбеков.

Іс-шарада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап көрме қойған облыстық балалар және жасөспірімдері кітапханасының қызметшілері Мұхамеджан Тынышпаев саяси қайраткер, теміржолшы ғана емес, ғалым, журналист болғанын айтады. Ол қазақтың шығу тарихын алғашқы болып жазғандардың бірі. Сондай-ақ журналист ретінде Еуропадағы ұшақ, пойыз, кеме мен жарғыш заттардың қалай жасалып жатқанын елге таныстырып, «Қазақ», «Сана» газеттеріне мақала жазып тұрған.

Иә, бұрын пойыздар соғыс жағдайында жауынгерлерді тасыса, қазір бейбіт күнде жолаушыларды арқалап жүйткиді. Бәйгеге бас тігіп, нақақ жаламен айдауға ұшыраған ұлт перзенттерін лайықты деңгейінде ұлықтайтын заман ғой бұл!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив