Адыраспан жүрек, өкпе, буын ауруларын емдейді
Адыраспан – қазақ ұғымында қасиетті өсімдік. Мыңда бір дертке ем саналатын онымен үйдің ішін аластайды, үйге ырыс алып келсін деп ырымдап босағаға іліп қояды.
Емдік қасиеті сол, адыраспанмен бұлау жасаса, ревматизм (сарып), тері ауруларын жояды. Ал оның дәнін өт айдайтын дәрі ретінде пайдаланады.
Өзін қайнатып ішсе, демікпеге сеп. Ал жапырағынан дайындалған шәй бүйрек, жүйке, қызыл иекке ем.
Басқа да туберкулез, түйілу, жүйке жүйесінің ауруларына қарсы пайдалануға болады. Сондай-ақ ол жүрек қағысын реттейді.
Қазақ адыраспанды у ретінде де пайдаланған. Жаудың ұлтарағына адыраспан майын жағып жіберсе, ол үш күннің ішінде өліп кетеді екен.
Кейбір деректе ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Сырым Датұлының осы адыраспан уынан қаза тапқаны айтылады. Жау батырдың ертоқымына адыраспан уын жаққан екен. У бойына тарала бастағанын сезген батыр жауынгерлеріне аяғын шабуды бұйырады. Алайда бұл іске ешкімнің батылы бармаған.
Адыраспан – көпжылдық өсімдік. Оның сабағы бұтақшалы, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген, кезектесіп орналасқан. Бес күлтешесі бес бөлімді. Аталығы он бес, гүлдері ақ-сарғылт. Жемісі дөңгелек тәрізді кауашақ, ірі қоңыр түсті көп тұқымды болады.
Қазақстанда адыраспанның бір-ақ түрі өседі. Биіктігі 20-60 см. Гүлдену мерзімі – мамырдың аяғы мен маусым айында. Шілде айында жемісі тола бастайды.