KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 2 м/с, В
497.89 525.12 5

Аршаты мен Берелді жалғайтын жол жаңарып келеді (видео)

Бүгін, 15:00 31 Гульжан Мусина

 

Катонқарағай ауданына қарасты Аршаты мен Берел ауылдарының арасындағы 12,8 шақырымдық жолдың жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды   Altainews.kz  тілшісі. 

Ағымдағы жылы жолға тас төселіп, нығыздау жұмыстары аяқталып, келесі жылы орташа жөндеу жүргізуге дайындық жасалды. Сонымен қатар, жол бойындағы үш көпір мен бір құбыр жаңартылды.

Жобаға биылғы жылы 157 миллион теңге қарастырылып, негізгі жұмыстарды "Өскемен Тәртіп" ЖШС жүзеге асырды. Бұл жаңарту өңірдің туризмін дамытуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Аршаты мен Берел – табиғи көркімен және тарихи мұрасымен танымал мекендер. Жаңартылған жол екі ауылды жақындатып, өңірге туристердің көптеп келуіне жағдай жасайды. Алтайдың көркем табиғатын тамашалағысы келетін жандар үшін бұл бағыт одан әрі тартымды болмақ.

Өрел ауылдық округіне қарасты Аршаты, Берел және Өрел ауылдарында 1600-ден астам адам тұрады. Аршатыда 62 отбасы қоныстанған, мұнда орта мектеп, медициналық пункт және Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің орманшылығы орналасқан.

Бұрын екі аудан қосылған кезде көптеген ауылдардағы халық саны азайып, қалаға көшу үдерісі байқалды. Бүгінде Катонқарағай ауданы қайта жеке құрылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге айрықша назар аударылуда. Үш елдің шекарасында орналасқан Аршатының әлеуеті қайта артып, ауыл ажары айтарлықтай көркейіп келеді.

Аршаты мен Берелді жалғайтын бұл жолдың жаңартылуы – өңір тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін маңызды қадам. Алдағы жылдары бұл бағыт өңірдің экономикалық және туристік дамуына тың серпін бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу