KZ
Өскемен
+20°
переменная облачность жел 6 м/с, Ю
443.35 475.54 4.82

ШҚО-да Қылмыстық-атқару жүйесі балалар үйіне спорттық алаңқай тарту етті

29.05.2019, 09:24 106

Облыстағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері департамент басшысы Ерсайын Нұртазиновтың басшылығымен 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында «Үміт» балалар үйінде болып, ондағы тәрбиеленушілерді мерекелерімен құттықтады. Өздерімен бірге ала келген сыйлықтарын тапсырып, демеушілік көмектерін көрсетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Департамент қызметкерлерінің биылғы таңдауы спорттық жабдықтарға түскен екен. Жеке құрам бір кісідей ауызбіршілік танытып, өз қаржыларын ортақ қолға жинастырып, оған балаларға арнап волейбол, футбол доптарын, теннис ракеткасын, сонымен қатар қажетті кеңсе тауарларын, доп тепкенге қажетті аяқ киімдерді көптеп сатып алыпты, базарлыққа әкелген тәттілер де мол болды.

Департаментке қарасты ОВ-156/3 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Ержан Аймұханбетов «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ұжымын алда келе жатқан мерекелерімен құттықтаса, жеке құрамдағы қызметкерлер әкелген сыйлықтарын балаларға салтанатты жағдайда табыстады.

«Қуантсаң, баланы қуант» демей ме, халқымыз. Балаларға арналған тосын сыйлар осымен ақталған жоқ. Демеушілер алдын ала балалар үйінің екінші ғимаратының ауласына спорттық алаңқай жасақтаған екен. Бұл күні үміттіктер жаңа алаңның ашылу салтанатының куәсі де болды. Бірі турникке тартылып, бірі сырғанақ теуіп, бірі әткеншекке жармасып мәре-сәре болды. Өз кезегінде «Үміт» балалар үйі директорының орынбасары Сәуле Әлімбаева департамент басшылығына көрсеткен қолдаулары үшін балалар үйі басшылығының атынан ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.

– Осындай қолдау шаралары балалар үйінің өтініштері бойынша жылда тұрақты жалғасын тауып келеді. Биыл таңдау спорттық жабдықтар мен алаңқайға түсті. Көмек беруге жеке құрам толық қатысты. Балалар үйіне көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз. Барлық балаларды алда келе жатқан халықаралық мерекелерімен құттықтаймыз, – дейді Ержан Аймұханбетов.

– Бізге берген сыйлықтар көңілімізден шықты. Оларды сатып әперген ағаларға алғысымыз шексіз. Осындағы барлық балалардың атынан рахмет айтамын, – деді балалар үйінің тәрбиеленушісі Мақпал Шәкенова.
Балаларды қуантуға арналған ізгі шара департамент жанынан құрылған «Ардагерлер» ансамблінің жетекшісі Еркін Қасымовтың ұйымдастыруымен әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл күні үміттік балалар Қылмыстық-атқару жүйесі саласының ардагерлері Кенже Қасеновтың, Бақытжан Базарханованың, Жанар Үрістемованың, Светлана Романчуктің орындауларындағы көпшілікке кең танымал «Синяя вечность», «Түркістан», «Шығысым шырайлы елім», «Тарбағатай таулары» және «Атамекен» әндерін олармен бірге орындады. Бұл қуанышты күн балалардың есінде ұзақ сақталары анық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив