KZ
Өскемен
-11°
ясно Штиль
497.26 525.21 4.97

Еуропадан келген сахатшылар Алтайды велосипедпен аралап жүр

22.05.2019, 10:12 108

Жақында Катонқарағайдағы тас жолдың үстінен велосипедпен  күншығысты бетке алған қос шетелдік азаматты жолықтырдық. Жөн сұраса келсек,  Голландияның Аякс қаласынан екен.

    Ерлі-зайыпты Барт пен Марике  жаһан кезіп, дүниенің төрт бұрышына  велосипедпен  сапар шегуді сонау тоқсаныншы жылдардан бастапты. Сол уақыттан бері АҚШ, Канада, Франция, Германия,   Балтық теңізі жағалауындағы  Эстония, Литва,   сондай-ақ, Дания, Италия мен Грузия сияқты елдерде болыпты.  

    -Астымыздағы темір тұлпарларымызды тақымдап, саяхат жасау біздің ең сүйікті демалысымыз, -дейді Барт. –Бойымызда күш қайратымыз барда әлі де талай ел мен жерді көруге ынтықпыз. Балаларымыз кішірек кезінде  үйден тым алыс шыға алмадық. Ал қазір олар есейіп ер жетті. Сондықтан, жарымыз  осы жолы біз әлі болып көрмеген Орта Азияға сапар жасауды жоспарлап,  жолға шықтық. Велосипедпен саяхат жасаудың бір жақсысы бұл спорт, денсаулыққа пайдалы, үнемі қозғалыста боласың, екінші, барған жерлеріңде асықпай тоқтап, тынығып,  фотосуретке де түсіруге ыңғайлы. Тізгіндеген велосипедтеріміз мықты, кез келген жолдың түріне  өте  төзімді. 

     Қазақстандағы сапарын  Барт пен Марике сәуірдің соңында еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан  бастапты.  Артынша, Өскеменге ұшып келген олар  жоспарлары бойынша  Катонқарағайды бетке алып,  он күн ішінде Алтайдағы «Солдат құлаған»  ирек  асуынан өтіп, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай,  Аягөз жерлеріне  жүріп өтуді көздеуде. Тәжірбелі туристердің айтуынша, Төр Алтайдың тұмса табиғаты оларды өзіне   баурап  алғандығын айтады.

   -Ғажап! Басқа айтарымыз жоқ. Неткен сұлу табиғат, мұндай жерде өмір сүріп жатқан  сіздер бақыттысыздар, жол бойы таң-тамаша болудамыз,- дейді   Марике.

Саяхатшылардыңдың арнайы сайттары да бар екен. Ол жердегі жазбаларында Барт пен Марика Алтайдың табиғатын тамсана суреттейді. "Жолдағы шұңқырлардың аздап кедергі келтіретіні болмаса, Қазақстанның осы бөлігінің адамдары өте қонақжай, мінездері жайдары болып келеді екен", деп жазады.  

    Өскемен мен Аягөз арасындағы жолдың  қашықтығы мың шақырымдық жолды бағындырған соң, Барт пен Марике Алматыға пойызбен жетіп, ол жақтан Шарын шатқалы арқылы Қырғызстанға, одан әрмен  сапарларын Өзбекстан, Түрікменстан, Иран мемлекеттерінде жалғастырмақ. Орта Азия    сапарын олар  Арменияда аяқтаймыз деп отыр. 

 

Тимур Смағұлов.

Катонқарағай ауданы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу