KZ
Өскемен
-8°
небольшая облачность Штиль
497.26 525.21 4.97

Өскеменде «JastarTime» IT-фестивалі өз мәресіне жетті

17.05.2019, 05:48 175

Бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқан саланың бірі – ақпараттық технология. Тіпті қазір алдағы күнімізді онсыз елестете алмаймыз. Осы орайда Өскеменде жыл сайын өтетін «JastarTime»  IT-фестивалі өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 Жастар жылы аясында өткізілген биылғы IT-фестивальға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 200-ден астам оқушы мен студент қатысты. Олардың барлығы да фестивальдің аудандық кезеңінің жеңімпаздары. Әрқайсысының жобалары бірінен – бірі өтеді. Шараға арнайы келген облыс әкімі Даниал Ахметов пен Әсем Нүсіпова әр қатысушының жобасымен танысты, ден қойды. Біріне жобасының сәтті шыққанын айтып қолдау танытса, ал тағы біріне жобаны әлі де жетілдіру қажет екенін ескертті.

«Болашақтың коттеджі» қандай болады? Мұны Үржар ауданы Жарбұлақ орта мектебінің 11-сынып оқушылары Төлеген Әли мен Нүсіп Дамир жақсы біледі.

-  Біз болашақта өзіміздің үйімізді осылай елестеттік. Осы идеямызды макетке түсіріп отырмыз. Бұл үй күннен және желден энергия алады. Болашақта микро ГЭС арқылы судан да  энергия алады деген сенімдеміз, - дейді Төлеген Әли. Бұл үй есіктен кіргеннен жатын орынға дейін автоматтандырылған. Әрбір бөлмеге кіргенде жарық автоматты түрде жанады. Тіпті ауладағы шамдар да арнайы датчиктер арқылы қараңғы түскенде автоматты түрде қосылатын көрінеді. Адамның қауіпсіздігі де жан-жақты ойластырылған. Көмірқышқыл газ көп бөлінетін болса, өрт болса, автоматты түрде белгі береді. Аталмыш жобаны әзірлеуге екі-кеш айдай уақыты кетіпті.

-Біз жасыл энергияны дамытуға үлес қосқымыз келеді, - дейді олар.

Ал Өскемен қаласындағы №15 орта мектептің оқушысы Әділ Әліпов жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Ершат ағайымен бірге «Латын әріптері бойынша электронды оқулық» әзірлепті. Осынау оқулық латын қарпіндегі қазақ әліпбиін жетік меңгергісі келген адамға көп көмектеседі.

-Қазір бұл қоғамдағы өзекті мәселе ғой. Әліпбиіміз ауысып жатыр. Бұл тақырып жаңалықтардан да түспейді. Осы орайда Ершат ағайымыз екеуіміз бір жылдан аса осы электронды оқулықты әзірледік. Оқулықтың артықшылығы – жаңа әліпбиді өз бетіңше, мұғалімнің көмегінсіз қосып, көріп үйрене бересіз, - дейді Әділ Әліпов.

Электронды оқулық «Мазмұны», «Аңдатпа», «Глоссарий», «Әдебиет», «Авторлар» секілді негізгі бес командадан тұрады. Мазмұнының ішіне кірсеңіз, оның да ішінде командалар бар. Сол командалардағы тапсырмалардың әрқайсысын тиянақты орындап шыққан адам жаңа әліпбиді жетік игеріп шығады. Жоба авторларының алдағы уақытта электронды оқулықты толықтырып, сату да ойларында бар. Әзірге бағасы белгісіз.

-Бағдарлама жасау маған өте ұнайды, - дейді Әділ. Мектепті аяқтағалы отырған түлек жақында осы жобасымен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ грантын жеңіп алыпты.

Ал Риддер қаласындағы №14 мектептің  7-сынып оқушысы Темірлан Қуанғазы «Өрт сөндіруші робот» ойлап тауыпты. Риддер – кеншілер қаласы екені белгілі. Онда кеніштер көп. Темірлан кейде сол кеніштерде төтенше жағдайлар орын алып, тас құлап немесе өрт болып жататынын айтады. Сондай кездерде өрт сөндірушілер зардап шекпес үшін ол осы роботты ойлап тапқан. Арнайы пульт арқылы басқарылатын робот қай жерде өрт, қай жерде тас құлап жатқанын іздеп тауып қана қоймай, өртті сөндіріп, қиын жағдайға тап болған жұмысшыларды құтқара алады. Әрине, жобаны әлі де жетілдіру керек. Мұны Темірланның өзі де жоққа шығармайды.

Жалпы, бүгінгі таңда роботтардың адам өмірін айтарлықтай жеңілдетіп отырғаны сөзсіз. Фестивальге қатысушылардың негізгі жобалары да осы роботқа қатысты. Мұнда роботтың түр-түрі бар. Мысалы, Бесқарағай ауданының Сосновка орта мектебінің оқушылары «Еден жуушы робот» жасаса, алтайлық оқушылар «Биші робот», Шемонайха ауданының Ю.Гагарин атындағы №3 мектебінің оқушылары  «Күзетші-робот»  жобаларын ұсынды.

Фестивальге қатысушылар барлығы «Мейірімділік», «Junior Skills», «Startup-Жобалар», «ClusterPro» сияқты төрт секторда және робополигонда 95 жобаны келушілер  назарына ұсынды.

-Осыдан он жыл бұрын біз телефон арқылы тек сөйлесуге ғана емес, тіпті оның көмегімен көптеген операцияны жүзеге асыруға болатынын білген де жоқпыз. Қазір адамзат баласы революциялық өзгерістерге толы дәуірге аяқ басты. Бір кездері тек қиял болған дүниелер қазір күнделікті өмірімізде қолданылып жүр, - деді облыс әкімі жеңімпаздарды марапаттауға арналған салтанатты жиында.

ХХІ ғасыр – цифрландыру ғасыры. Сондықтан да жас ұрпақ бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бүгінде облыс бойынша 655 IT сынып жұмыс істеп тұр. Ал бүгінгі фестивальді – сол жаңашылдықтың айқын көрінісі  деуге әбден болады. Сондай-ақ фестивальге қатысушыларды Татарстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары, Татарстан Республикасының Білім және ғылым министрі Рафис Бурганов құттықтап, сәттілік тіледі. Айта кетейік, өткен жылы облыс мектептерінің педагогтары мен Татарстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазан Федералды университеті мен Иннаполис IT-лицейі арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.

Осылайша фестивальдің Бас жүлдесін Өскемен қаласындағы №1 орта мектебінің оқушысы Әли Бердібек қанжығасына байлады. Онлайн режимінде дауыс беру нәтижесінде Әлидің «Smart - Бесік» жобасы үздік деп танылды. Ақылды бесік жылаған сәбиді тербетіп қана қоймай, оған сүт беріп, бесік жырын да әуелететін көрінеді.  Сондай-ақ, «IT-хакатон»,  «Білім басқармасының ең үздік веб-сайты», облыс педагогтары арасындағы «Болашаққа қадам» байқауларының жеңімпаздары да марапатталып, жеңіс тұғырынан көрінді.  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу