18 сағат тым ұзақ - Даниал Ахметов Алакөл пойызы туралы
Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде аймақ басшысы Даниал Ахметов Алкөлдің жағасындағы қызметтердің сапасын жақсарту жөнінде бірнеше нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Туризм басқармасының басшысы Марат Қабақовтың жиында жасаған баяндамасында келшек жоспарлардың барысы айтылды. Көл жағасына келіп демалушылардың санын көбейтудің ең басты тәсілі – жолдардың сапасын жақсарту, осы өңірге қатынайтын пойыздар мен ұшақтардың билеттерін арзандату. Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді.
Биыл жағалауға дейінгі автокөлік жолының жөнделуі аяқталуы тиіс, сонымен қатар темір жол және әуе рейстеріне 122 миллион теңгенің субсидиясын бөлу қарастырылған. Еске салар болсақ, қазіргі кезде Алматы – Үржар, Нұр-Сұлтан – Үржар және Өскемен – Семей – Үржар маршруттарында әуе кемелері ұшады.
Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын пойыздар 1 маусымнан бастап қайта жолға шығатын болады.
Осы ретте аймақ басшысы облыстың екі ірі шаһарынан көл жағасына жақын Жалаңашкөл бекетіне дейін пойыздардың тым ұзақ, яғни 18 сағат жүретінін алға тартып, көлік басқармасына кестені қайта қарастырып, жолға кететін уақытты қысқартуды міндеттеді.
Келер жылы «Барлық Арасан» – Алакөл көлі облыстық маңыздағы автожолының жөндеу жұмыстары көзделген, оған 321 миллион теңге жұмсалады.