Жас техниктер Жастар жылында қолдау күтеді (ВИДЕО)
Фотоға түсіріп үлгертпейтін құбылыстар болады. Көзді ашып-жұмғанша, айтып ауыз жиғанша, ат сүрінгенше... Мәселен, атылған оқтың ұңғыдан балқып шыққан сәті дейік. Оның суретін кім көрді? Елестеттіңіз бе? Иә, сол секілді жас техниктер құрастырған ракетаның көкке атылған сәтін суретке түсіре қою майдан қыл суырғандай оңай емес.
Мұндай ракета, кеме, мәшине, пультпен басқарылатын ұшақтарды құрастыруды оқушылар арнайы мекемеде үйренеді. Біздің облыста жас техниктер стансасы Глубокое, Аягөз аудандары мен Өскемен қаласында ғана бар. Олардан бөлек Зайсан, Бородулиха аудандары мен Семей қаласындағы жастар орталығында үйірме ретінде дамып келеді. Облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығы директорының орынбасары Елена Шиминаның айтуынша солай.
Осы жолы Өскеменде өткен өнертапқыштар байқауына аталған өңірлерден сайыскерлер жетті. Сайыс барысында жас өнертапқыштардың жағдайына әбден қанықтық. Оларда не бар? Не жоқ?
Күлге айналған 1 500 теңге
Бойына ток жеткен ракета жерден серпіліп, көк жүзіне тік шаншылады. Осы сәтте оның парашюті ашылғанын тілеген балалар «ашылшы, ашыла қойшы!» деп дауыстап,түсер жағын көктен көз айырмай тұспалдап жүгіре береді.Егер ашылмаса, тұмсығы тасқа соғылып, күлпарша сынды дей беріңіз.Ал одан көз жазып қалсаңыз, шөп арасынан таппайтыныңызға, амал жоқ, сеніңіз.Арық па, ор ма, тас па, төбе ме – балалардың сондықтан жолға қарауға мұршасы жоқ.«Сүрініп кетсең, түрегеп жүгір, бірақ көз алма!»
Ракета шіркіннің қызығы осы. Шыжығы – ақшаға кеп тіреледі. Ұшақтікіндей емес, мұның қозғалтқышы қайта пайдалануға жарамайды. Атылды. Жанды. Жанып кетті. Бері айтқанда, 1500 теңге қоса күлге айналды. Болды. Бағасы сапасына қарай қымбаттай береді. Қай жақтың сайыскерлері қанша қозғалтқышты өз қаражатына алғанын әркімнің іші біледі. Бұл жерге келгендердің ішінде қолдаумен де, қолдаусыз да келген өңірлер бар.Оны өздері жасырмайды. Бастысы – балалардың осы өнер түрімен айналысуға деген құлшынысы ерекше екенін, олардың беті қайтпауы керектігін айтады жетекшілер.
Осы орайда былтыр да ұқсас мәселе сөз болғанын айта кеткен жөн. Сайысқа Аягөзден келгендердің аузымен айтылған-ды аталған жайт. Сәйкесінше, қосымша білім беру орталығының қызметкері де мемлекет тарапынан қолдау азырақ болып тұрғанын жеткізген.
– Бұл балалардың ойлау жүйесі тамаша. Шеберханада өзіңнің миыңа кіріп те шықпаған нәрселерді айтады. Мәселен, «Зымыранның қаңқасын неге қағаздан жасап отырмыз? Ламинатты пайдалансақ қайтеді?» деді маған бір оқушым. Расымен де, ламинаттан жасасақ, салмағын бұрынғыдан 3-4 келідей жеңілдете алатынымызға көз жетті. Тағы басқа оқушыларымның айтуымен ұшақтың панерден (фанера) жасап келген стабилизаторын пенопластан қиятын болдық, – дейді Зайсандағы шығармашылық орталығында шәкірт тәрбиелеуші Дәурен Иманғалиұлы.
Жапондық сапа
ХХ ғасырдың басында Жапонияда бір тігін мәшинесін шығаратын кәсіпорын ашылыпты. Тойода әулетіне тиесілі екен ол. Сөйтіп, уақыт өткен сайын тігін мәшинелері түрленіп, жетілдіріліп, кәсіпорынның жұмысы жүре беріпті. Жұмысты негізгі жүргізуші Киичиро есімді үлкен ұл екен деседі. Балаларын техниканың қыр-сырына баулыған әулеттің әкесі дүниеден көшкенде, кәсіпорын тізгіні осы Киичироға тиген ғой. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, сыралғы жігіт шаруаны шиырып әкете береді. Сол шиырғаннан мол шиырып, кәдімгі көлік шығаратын деңгейге дейін жеткізіпті. Сонау батыста Америкаға дейінгі аралықтағы нарықтың бәрін жаулаған бүгінгі Тоуоtа көлігі – осы және ол Киичироның тегімен аталған.
Иә, жапон техникасы жаһанды жаулады. Бірінші орында тұр!Мысалы, сіз де жаңағы айтылған тігін мәшинесінен бастап темір тұлпарыңызға дейін, шама жетсе, жапондық болғанын қалайсыз. Оның берік боларына күмән келтірмейсіз, рас па? Рас. Неге?Себебі олар өздері қалыптастырған «жапондық сапа» деген түсінікке селкеу түсіргісі жоқ. Тұтынушыны жоғалтпау үшін барын салады.Әгәрәки шығарған өніміне күмән сөз айтылса, сол техниканыңәлемге тараған барлық түрін жиып алып қайта шығаруға, сосын сізге бір данасын сыйлауға дайын тіпті.
Өнімнен түскен табыс – халықтың бүгіні, ертеңі, одан арғы күнгі тіршілігі. Кім үшін де солай.
– Қазақ ел болып қалу үшін технократтық елге айналу керек. Технократтық елге айналмай, қазақ ел болмайды.«Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі?«Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «әй, не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек – технократтық.Яғни, қазақты өзгелерге мойындататын өзінің жасайтын бірдеңесі болу керек. Қазақ деген – ақылды халық. Мінекей, жасаған заттарын қараңыз дегізетіндей, – деп академик Асқар Жұмаділдаевтың шыр-пыр болып айтып, жазып жүргені бекер болмаса керек.
Тартылыс заңына қарсы ұшқан ракета
Байқауға оралайық. Ауа пердесін дар-дар айырып, бүкіләлемдік тартылыс заңына қарсы бағытта ұшқан кішкене ракетаның жерден көтерілген сәтін суретке түсіру бізге бірден мүмкін болған жоқ. Ол – кәнігі зымыран емес, кішкене баламасы, сондықтан шапшаң ұшып кетеді екен. «Тартылыс заңына қарсы ұшты» деп алабөтен ойдан ада, жақсы жағынан жазып отырмыз. Осы байқауға келген жастар күні ертең қатып қалған қағидаттарды бұзып, Киичиро Тойодаға ұқсап қазақтың атаулы көлігін шығарып жатса жаман болмас.
Басқа жақтарда іске асып жатқан іс қой, тым қиялдап кеттік деп отырған жоқ шығарсыз?
Бұл жас өнертапқыштардың «Жастар жылында» үміті басым.Аудан, қала, облыс басшылығынан үлкен қолдау тауып, күннің шығыстан шығатыны секілді, шығыстағы жапон елінің батыстағы Америка нарығын жаулағаны секілді, Шығыс Қазақстанның атын республикадан да ары асқақтататынына сенеді.
Көлік пен зымыранның екі түрін, кеменің төрт түрін, ұшақтың бес түрін жасаудан өткен осы байқауда республикалық кезеңге жолдама алған өрендерге сәттілік тіледік!