Семейлік оқушы әлемдік химия олимпиадасынан жүлде әкелді
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында химия пәнінен 53-ші халықаралық Менделеев олимпиадасынан семейлік оқушы жүлдемен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олимпиадаға әлемнің 30 елінен жас химиктер командалары келіп, өз елдерінің намысын қорғады.
Қазақстан намысын республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарында бірнеше рет дайындықтан өткен 8 оқушы қорғады.
Солардың бірі Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Рүстем Шердебаев. Жарыста ол жақсы нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. «Ресейдегі білім бәйгесі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Олимпиада екі кезеңге бөлінген, әрқайсы 5 сағаттан тұрды. Біз бұл олимпиадада теориялық және тәжірибелік күрделі жаттығуларды орындадық. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, еліміздің атын шығаруға қосқан азды-көпті үлес үшін мақтанамын. Химия пәнін терең түсінуге өз білгендерін аямай жанын салып жүрген ұстаздарыма үлкен алғысымды айтамын» -дейді Рүстем.
Жалпы Рүстем бұған дейін Ақтөбе қаласында өткен республикалық олимпиадаға қатысып, 2 -орын алған. Бұдан бөлек өткен жылы А.Бектұров атындағы ІV Халықаралық химия олимпиадасында ІІІ орынға ие болған. Ал 2013 жылы «Тарих» пәнінен URFODU ғылым негіздері бойынша IX Халықаралық олимпиадада II дәрежелі дипломмен марапатталған.