KZ
Өскемен
+15°
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Сергей Тимофеев: «Астана» мен «Қайратты» да жеңгіміз келеді

8.04.2019, 10:33 201

Семейлік «Алтай» футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігін жеңіспен бастады. Чемпионаттың бірінші турында «Екібастұз» командасымен шеберлік байқасқан жерлестеріміз қарсыластарын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

 

Жалпы, бұл ойында шығысқазақстандық команданың басымдығы көзге ұрып тұрды. Дегенмен Өскемендегі «Восток» стадионына жиналған жанкүйер қауым бірінші голды матчтың 73-ші минутында ғана көрді. Нәтижелі соққының авторы – жартылай қорғаушы Владимир Вяткин.

 

Ал 87-ші минутта «Алтай» шабуылшысы Думан Тұрсынбай ойындағы екінші голды соғып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 2:0 семейлік команданың пайдасына.

 

Осы жеңісінен кейін қоржынына алғашқы үш ұпайды салған «Алтай» алматылық «Қайрат-Жастар», шымкенттік «Академия Оңтүстік», ақтаулық «Каспий» және түркістандық «Мақтааралмен» бірге чемпионаттың көшін бастады. Келесі кездесуін жерлестеріміз 10 сәуір, сәрсенбі күні өткізеді. Бұл күні «Алтай» Қазақстан кубогы үшін жарыстың 1/8 финалы аясында ел чемпионы «Астанамен» кездеседі. Алдағы матч пен жалпы мақсат-міндеттер туралы команданың бас бапкері Сергей Тимофеев былай дейді:

– Қайта «Астанамен» ойнайтынымыз жақсы болды. Команданың әлеуетін осындай азулы қарсыластармен ойындарда ғана байқауға болады. Жетістікке жеткіміз келсе, кез келген ойынды өз пайдамызға аяқтауға тырысу керек. Мақсатымыз – Премьер-лигаға шығып, ондағы орнымызды сақтап қалу. «Астана», «Қайрат» және «Тобыл» сияқты командаларды жеңіп, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Төккен теріміздің бәрі солар үшін.
Тәжірибелі бапкер, сонымен қатар маусымаралық үзілісте «Алтайдың» құрамы шамамен 40 пайызға жаңарғанын айтып, енді команда жасақтау мәселесінде қазақстандық жас ойыншыларға басымдық берілетінін жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив