KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, З
441.8 480.02 4.88

Жақсылық Омарға 1,5 ай уақыт берілді. Өскеменде қыстан майшаммен шыққан үйлер бар

15.03.2019, 11:28 159

Өскеменннің іргесіндегі №21 шағын ауданға уақытша жарық тартылады. Тұрғындармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов қала басшысына сондай тапсырма берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Қайнаған құрылыстың жанында тұрса да, №21 аудандағы ондаған жер үй жарықсыз қыстап шыққан. Жағдайды өз көзімен көруге келген облыс әкімі Даниал Ахметовке тұрғындар пұшайман күйлерін айтып, мәселенің шешілуіне ықпал етуді өтінді. Бір жыл бұрын дәл осындай мәселемен көршілес №20 шағын аудан тұрғындары да Д.Ахметовке шағымданған болатын. Іске әкім араласқан соң бюджеттен қаржы бөлініп, жылдар бойы генератор пайдаланып келген 500 үй орталықтандырылған электр желісіне қосылған. «Сондай игілік бізге де бұйырып қалар» деген үмітпен кездесуге №21 шағын ауданның тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналыпты. Арасында №20 ауданның тоқ жетпей қалған төрт жанұясы да бар.

 


-Былтыр бюджеттен 120 млн теңге бөлініп, 500-дей үйге жарық тартылды. Сол электр шеттегі төрт үйге жетпей қалған. Енді барсақ, ақшасын төлеңдер деген шарт қойып отыр. Мемлекет бөлген ақшаны жеткізе аламаса, қалғанын сонда біз төлеуіміз керек пе? Менің өзім 798 телімде тұрамын. Үш адамбыз. Екі қыс қатарынан май шаммен қыстап шықтық. Бізден басқалары уақытша пәтер жалдап жүр. Ал біздің барар жер, басар тауымыз болмаған соң, шам жағып күнелтіп келеміз, - дейді Сара Сәдуақасқызы есімді тұрғын.

 


№21 ауданның екінші қапталында да жеті бірдей үй де жетім тамның күйін кешіп отырған көрінеді. Олар да бес жылдан бері генератордан жарық алып отыр. Сол уақыт аралығында талай басшының уәдесін алып, талай мекеменің табалдырығын тоздырыпты. Аймақ басшысы ортақ игіліктен шет қалған бұл үйлердің мәселесін шұғыл шешуді қала әкімі Жақсылық Омарға тапсырды. Ал №21 шағын аудандағы 37 үйді уақытша электер қуатына қосу үшін 12 млн теңге бөлінетін болды. Қала әкімдігінің қолында ол қаржыны қалай игілікке жаратуға болатынын жобалап қойған екен.

 


-Шаһар басшысына 1,5 ай уақыт беріп отырмын. Бірінші мамырға дейін жарықсыз үйлердің бәріне электр жалғанады. Ал ауданды толық инфрақұрылыммен қамту үшін бөлек жоба дайындауды тапсырамын, - деді облыс әкімі.

 


№21 ауданда 2008 жылдан бері 540 жер телімі берілген. Тұрақты жарық пен су жүйесі жоба дайындалғаннан кейін ғана тартыла бастайды. Яғни, қазір баспанасына кіріп алған тұрғындар да сол жобаны күтуі тиіс. Әзірге олар суды жеке құдықтан алуда.

 


Тұрғындар жол сапасы да сын көтермейтінін айтады. Кейбір суайрықтар сапасыз жасалғандықтан, жауынды күндері ауданға төтенше жағдай өкілдері мен жедел жәрдем кіре алмай қалатын көрінеді. Қала әкімі Жақсылық Омар жаңадан салынып жатқан аудандардың барлығында осындай мәселе бар екенін айтып, кезегі жеткенде ол олқылық та жойылады деген уәде берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив