ШҚО-да діни және этномәдени бірлестіктермен кездесу өтті
ШҚО-да діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен Рухани келісім күнінің 30 жылдығына арналған салтанатты кездесу өтті.
Мерекенің тарихы 1992 жылдан басталады. Осыдан тура 30 жыл бұрын Алматыда тұңғыш Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өтті. Адамзат тарихында алғаш рет барлық діндердің, рухани қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бір жерде бас қосып, 18 қазанды Рухани келісім күні, яғни қақтығыстарға мораторий күні, мейірім және жақындарға көмек көрсету күні деп жариялауға үндеді.
Бұл күнді өзінің басты құндылығы ретінде бірлікті, бейбітшілік және келісімді таңдап алған көпұлтты және көпкофессиялы Қазақстанның барша шоғырландырушы бастамаларының бастауы деп санауға болады.
Отыз жыл бойы қазақстандық қоғам осы қағиданы ұдайы ұстанып келеді. Этноконфессиялық әртүрлілік біздің игілігімізге айналды, ал Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу бастамасы мәдениетаралық және дінаралық диалог ел саясаты бағыттарының бірі екенін растай түсті.
Рухани келісімнің негізі – мәдениет пен қоғам дамуындағы дәстүрлі діндердің тарихи рөлін мойындау. Шығыс Қазақстанның діни бірлестіктері 12 конфессиядан құралған, олардың әрқайсысы халықтың діни сауаттылығын арттыруға, конфессияаралық келісімді сақтауға, өскелең ұрпақты гуманизмнің жалпыадамзаттық құндылықтарына, үлкендерді құрметтеуге және патриотизмге тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосуда.
Рухани келісім күнінің 30 жылдығын мерекелеу аясында облыста діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен салтанатты кездесу өтті. Сондай-ақ, іс-шараға жоғары оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың, ардагерлер мен ақсақалдар кеңестерінің өкілдері қатысты. Олар 30 жыл ішінде Қазақстан халқын дәстүрлі адамгершілік құндылықтар төңірегінде топтастыру үшін, қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату мақсатында рухани келісімді нығайту үшін көп жұмыс атқарылғанын атап өтті. Бұл процесте рухани көшбасшылар да үлкен рөл атқарды. Бүгінгі таңда еліміз – түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бейбіт әрі тату өмір сүре алатынының айқын үлгісі.
Кездесу барысында іс-шара спикері, облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұржан Құнанбаев қазақстандық қоғам үшін Рухани келісім күні әрбір діннің қағидаттарына сәйкес келетін діни толеранттылық пен конфессияаралық үйлесімділіктің символына айналғанын атап өтті.
"Бірлік пен жасампаздық қағидаттарын ұстана отырып, түрлі діни конфессиялар өкілдері барлық өзекті мәселелерді келіссөздер үстелінде, достық рәуіште шешеді. Бірлігіміздің арқасында көптеген мақсаттарға қол жеткіздік, мемлекетіміз дамып, өркендеп келеді", – деп атап өтті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай.
Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий атап өткендей, 30 жылдық мерейтой – осы жылдардағы жұмыс нәтижелерін қорытындылауға болатын маңызды дата.
"Рухани келісім жоқ жерден пайда бола салмайды, ол халық арасында құралады. Жолымызда тұрған түрлі кедергілерге қарамастан, біз жетілу сынағынан өттік деп айтуға болады. Сондықтан Рухани келісім күні – еліміздегі маңызды мерекелердің бірі. Соншалық салтанатты әрі шулы болмаса да, қоғамның гуманитарлық ұстанымдар бойынша одан әрі дамуы үшін өте маңызды мейрам. Осы мәңгілік ақиқаттарға сүйене отырып, бір-бірімізді құрметтеу және қолдау арқылы біз қоғамдағы үйлесім мен келісімді сақтай аламыз. Егер біз рухани келісімді одан әрі нығайтып, осы дәстүрлерді өскелең ұрпаққа қалдыра алсақ – ең жоғары мақсатқа қол жеткізгеніміз", – деді епископ.
Іс-шара соңында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға және дамытуға елеулі үлес қосқан діни бірлестіктердің басшылары «Рухани келісімді нығайту жолындағы 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен және естелік кәдесыйлармен марапатталды.
Облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді