Қазақстан – бейбітшілік пен келісім мекені
Елімізде жетінші рет әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Биыл республикамызға басқа елдерден делегациялардың рекордтық саны келді. Іс-шараға Шығыс Қазақстандағы түрлі діни бірлестіктердің өкілдері де қатысты.
Айта кету керек, тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап еліміз өз дамуының басты аспектісі ретінде бейбітшілікті, келісім мен ауызбіршілікті айқындады. Күрделі геосаяси жағдайда біз көпұлттылығымыз бен көпконфессиялығымызды баға жетпес байлығымыз бен ажырамас артықшылығымызға айналдырып, әлемнің басқа елдері үшін үлгі бола алдық.
Еліміз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізудің бастамашысы атанды. 100-ден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін ортақ үйге айналдық, бізде 18 конфессияның өкілдері болып табылатын түрлі діни бірлестіктердің өкілдері еркін жұмыс істейді. Еліміз барлық әлемдік дінбасылардың өзара іс-қимылы жөніндегі функцияны өз мойнына алып отыр.
Елордада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі діндер арасында көпір орнату мәселесіндегі басты диалог алаңы деген атауға әбден лайық.
Әр съезге қатысушылар санының артуы Қазақстан бастамасының әлемдік деңгейде танылуын айғақтайды. Биыл бізге дүниежүзінің 50 елінен әлемдік және дәстүрлі діндердің 108 делегациясы келді.
– Съезді өткізу – елімізде де, бүкіл әлемде де диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан саясатының маңызды бөлігі. Қазіргі күрделі жағдайда діни лидерлердің бір үстелде бас қосып, бүкіл әлемге кез келген келіспеушілікті жеңетін ізгі ниеттің үлгісін көрсетуі өте маңызды. Менің ойымша, съезіміздің басты миссиясы мен ерекшелігі – осы, – деп атап өтті өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің басты қонақтарының бірі Ватикан мен каТолик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск болды. EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында папа қазақстандық католиктер мен келген сыйынушылар үшін құдайға құлшылық ету рәсімін (қасиетті мессаны) өткізді. Уағызды тыңдау үшін он мыңға жуық адам жиналды. Рим папасының мінәжат ету рәсімінде итальян, орыс және қазақ тілдерінде еліміз бен халқымызға шынайы алғыс, бейбітшілік пен амандық тілегі айтылды.
Тарихи шараға Шығыс Қазақстанның католиктер делегациясы да қатысты. Олар әр түрлі конфессиялардың өкілдері жиналған осындай ауқымдағы іс-шара жаратушы туралы білуге, түрлі ұлттар мен діни наным өкілдері арасындағы сенім мен өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мессаға қатысушылардың бірі, Өскемендегі Рим-Католик шіркеуінің приходшысы Владислав Кожоев рухани семинарияға түсуге дайындалып жүр. Ол үшін қасиетті мессаға қатысу – өз сенімін тереңдетудің мүмкіндігі.
– Рим папасының елімізге келуі – тарихи оқиға, – деп атап өтті ол. – Біздің еліміз – дінаралық диалог алаңы және көптеген елдер үшін оң үлгі, біздің жерімізде діни негіздегі қақтығыстар болған емес. Мессаға түрлі діндердің өкілдері жиналды, олар жаратушы туралы білуге және бата алуға ұмтылды. Мен алғаш рет қатыстым, әрине, ерекше әсер алдым.
Католик шіркеуі приходының мүшесі Егор Звонов сындарлы диалог пен келіссөздер жүргізу маңызды деп санайды.
– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Қазақстанда кездесетіні көп нәрсені білдіреді, – деп атап өтті ол. – Діндер әртүрлі, түйткілді мәселелердің шешімін табу үшін диалог жүргізу өте маңызды. Съезде достық атмосфера сезіліп тұрды, қатысушылардың жүрегі қуаныш пен шаттыққа толы болды.
Монах-әпке Флорида Аустриядан елімізге миссионер ретінде 22 жыл бұрын келген. Оның айтуынша, Қазақстан екінші үйіне айналып отыр.
– Қазақтың даласы қандай шексіз болса, жүрегі де соншалық кең, – деп ойымен бөлісті Флорида әпке. – Қазақстан түрлі конфессия өкілдерін жылы қарсы алды. Олардың арасындағы диалог өте маңызды, өйткені біз бәріміз бір әлемде, бірге өмір сүріп жатырмыз және әрқайсымыз бейбітшілік пен келісімнің болғанын қалаймыз. Меніңше, бұл құндылықтарды тек сенім арқылы сақтауға болады.
Шіркеудің приходшысы Анна Маныч та осы пікірмен келіседі.
– Кез келген дін адамзатты сүюге үйретеді, – дейді ол. – Жаратқан иеміз пенделерін жақсы көреді, біз сол махаббатты сақтап, жақын жандарға сыйлауға тиіспіз. Бәріміз бір-бірімізбен бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Басқа елдер бізден үлгі алса екен деймін. Бүкіл әлемде бейбітшілік пен тыныштық орнасын!
Материал облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді