Мәжіліс сайлауы: ОСК үндеу жасады
Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауына орай сайлаушыларға үндеу жасады.
Үндеу мәтінін комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов жария етті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі – сіздің сайлаушылар тізімін енгізілуіңіз. Тізімді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағында, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімге өздері тұратын жердегі әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі. Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әр азамат дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни, 2023 жылғы 17 ақпаннан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша тізімнен шығарып, оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізеді», - делінген үндеуде.
Сонымен қатар құжатта аталған құқықты дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтын азаматтар, басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханадан тыс тұратын студенттер, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
«Азамат біртұтас жалпыұлттық сайлау округін, сонымен қатар бірмандаттық сайлау окургтерін ескере отырып, сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады. Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша еніп-енбегеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе колл-орталығы арқылы тексеруге болады. 2023 жылғы 4 наурыздан бастап сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі беріледі. Құрметті сайлаушылар! Сіздерді құқықтық сауат танытып, сайлауға қатысу конституциялық құқығыңызды іске асыруға шақырамыз. Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін тиісті әрекеттерді уақытылы қабылдаңыз. Әркімнің дауысы маңызды», - деді Шавкат Өтемісов.