KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Түлектер киіз үй тарту етті – Өскемен

13.06.2023, 19:08 415 Оразай Жеңісұлы

«Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі…» деген екен Мағжан ақын. Осы бір ұлағатты сөзден ой түйген мектеп түлектері қашан да ұстаздардың еңбегін бағалап келеді. Алтын ұядан талай жыл бұрын қанат қаққан шәкірттердің қайта айналып соғып, мұғалімдерге түрлі тарту жасап қуантқанын естіп-біліп жүрміз.

Дегенмен облыс орталығында орналасқан Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектептің түлектері ұстаздар ұжымына ерекше тарту жасады. Шәкірттер білім мекемесінің ауласына киіз үй тігіп берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі

2003 жылы қанат қаққан түлектер араға жиырма жыл салып жиырмасыншы мектепте қайта бас қосты. Бұл «Соңғы қоңырау» мерекесімен тұспа-тұс келген сәт еді. Аға буын әуелі биыл мектеп бітіріп жатқан жас түлектерді құттықтап, ақыл-кеңес берді.  

– Сыйластығы берік сыныптастар жиырма жылдан соң тағы да партаға отырып балалық шақты еске алды. Содан кейін мектеп мұражайын аралап, естеліктерді еске алды, – дейді тәрбие ісінің орынбасары Анар Болатханқызы.

Ал түлектердің тартуы мектеп ұжымын ерекше қуанышқа бөледі. Өйткені бұл жай ғана тарту емес, бағалы ұлттық құндылығымыз еді.

 

– Әр қиырда жүрсе де, «Ұрпақтар сабақтастығын» жалғап, түлектер өзінен кейінгі жас ұрпаққа  қамқорлық, үлгі-өнеге көрсетіп, алтын ұя мектебіне терең тарихымыздан сыр шертетін, мәдениетімізді бейнелейтін мәдени мұраларымыздың бірі – киіз үйді тарту етті. Алдағы уақытта өздерінен кейінгі жас ұрпақ, мектеп оқушылары ата-аналарымен бірлесіп ұлттық мерекеміз Наурызды мектеп ауласында, халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптей отырып, кеңінен атап өтетін болады. Біздің түлектеріміз тек біліммен ғана қаруланбаған, олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, өресі биік тұлға болып қалыптасқан екен. Олардың игі бастамасына ризашылығымыз шексіз! – дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектептің директоры Базарбек Садықов.

Ал түлектер мектеп ауласында киіз үйдің тұруы, өскелең ұрпақтың санасы сергек, ұлтжанды болып қалыптасуына септігін тигізеді дейді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу