Қазақ ССР-нда сот істері қазақ тілінде жүргізілген
Қазақстан тарихындағы ең демократиялық Конституция деп 1937 жылдың 26 наурызында қабылданған Конституцияны айтуға болады. Маңызды құжат латын ғаріптерімен қазақ тілінде Алматы қаласында басылып шықты. Біз Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасының мамандарының көмегімен тарихи құжаттың мәтініне қол жеткізген едік. Қазақтың зиялыларын қынадай қырған зар заманда сот істері қазақша жүргізілгені мені таң-тамаша етті. Негізгі Заңның 89-бабында "Қазақ ССР-нда сот істері қазақ тілінде жүргізіледі" деп анық жазылған.
Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. 1937 жылдың Конституциясында экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), Қазақ КСР келісімінсіз территориясын өзгертуге тыйым салу (16-бап), жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген (19-бап).
Сонымен қатар сот пен прокуратура жүйесі қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс болған (83-90-баптар).
1937 жылдың Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған: еңбек етуге құқылығы (96-бап), демалысқа құқылығы (97-бап), қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы (98-бап), денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен демонстрацияларға еркіндік берілуі кепілдігі, тұлғаға, тұрғын-жайға, азаматтардың хат жазысу арқылы жеке хат алысуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы.
Қазақ тіліне қатысты ең өзекті баптар 1978 жылғы Ата Заңымыздан алынып тасталды. Бұл кез кеңес дәуірінің дүрілдеп, республикалардың еркіндігіне шектеу қойылған заман еді.
Айна Ескенқызы