Өскеменде кәріз құбыры жарылып, шұңқырға көлік түсіп кетті
Фото: Oskemenlive
Облыс орталығында кәріз құбыры жарылып, шұңқырға көлік түсіп кетті.
Оқиға Жастар көшесіндегі 37-ші үйдің жанында болған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Өскемен Водоканал» мекемесі оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Мекеменің деректеріне сүйенсек, ұзындығы он бес метр, диаметрі бір метр болатын темір-бетон кәріз құбырының жоғарғы қабаты құлап кеткен. Сондай-ақ сол жағалаудан келетін суды бұратын бұл құбырдың 1977 жылы тартылғаны белгілі.
Төтенше жағдай болған жерде жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Сенімді дереккөздердің ақпаратына сүйенсек, «ГАЗель» маркалы көлік автобөлшекке жөнелтілді. Мәшиненің бұл жерде тұрғанына үш жыл болған көрінеді. Құбыр жарылып, асфальт ойылған жер жолдың бойы емес, гараждар маңындағы бейтарап аумақ екенін айта кетейік. Кәріздің күйреуіне толассыз жауған жауын-шашын себеп болғанын айтады мамандар. «Біріккен энергосервистік компанияның» қызметкерлері қазір жақын маңдағы тіректерді тексеріп жатыр.