"9-20-25" ипотекасы іске қосылады. Қашан және шарты қандай?
Фото:depositphotos.com
Отбасы банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова 2024 жылы «9-20-25» деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарлама шарты әзірленетінін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Банк төрағасының айтуынша, жаңа бағдарлама жас отбасыларға негізделіп жасалады.
– Соңғы уақытта жас отбасылар бізге жиі хабарласып, «Бір баламыз бар, өмірлік жолымызды енді бастап жатырмыз. Бірақ бізде баспана жоқ. Біз мемлекеттік қызметкер де, бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкері де емеспіз. Біз осы санат бойынша баспана кезегіне тұра алмаймыз» дейді. Осыны ескеріп және Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғының дүниеге келуіне байланысты біз осы бағдарламаны (9-20-25 – автор) әзірлегіміз келеді», - деді Ләззат Ибрагимова.
Банк төрағасының айтуынша, жаңа бағдарламаның ставкасы сәл жоғары болады. Өйткені қаржы нарықтан тартылады.
«Бағдарламаның шартының талаптары мен барлық механизмі 2024 жылы нақты белгілі болады», - деді Ләззат Ибрагимова.