"Нұрордада" сапалы білім алуға барлық мүмкіндік бар – ШҚО әкімі
«Нұрорда» мектеп-лицейі Шығыс Қазақстандағы алдыңғы қатарлы білім мекемелерінің бірінен саналады. Осыдан 13 жыл бұрын ашылған мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасы да, педагогтар құрамы да жоғары талаптарға сай. Сол ұстаздардан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған оқушылардың түрлі олимпиадаларда олжа салып, үздіктер қатарынан табылуы осы сөзімізге дәлел.
Бүгін ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі «Нұрорда» мектеп-лицейінде болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Мектеп басшылығының айтуынша, білім ордасының басты құндылығы – бала, баланың көңіл-күйі, оның мектепке және мұғалімдерге деген сенімі. Мұнда тілдерді оқытуға айрықша мән берілген және сабақтар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде өтеді. Мұғалімдердің де кәсіби тұрғыдан дамуына, тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттыруына қолайлы жағдай жасалған.
Мектеп-лицейдің сынып бөлмелері мен зертханаларын аралап көрген облыс әкімі мекеменің жабдықталуына жоғары баға беріп, мұндай білім ордасының, онда білім алып жатқан оқушылардың болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Аймақ басшысы сонымен қатар жас домбырашылардың өнерін тамашалап, қошемет көрсетті. Мектеп-лицей басшылығы хабарлағандай, мұндағы оқушылар қазақтың ұлттық аспабының қыр-сырын бастауыш сыныптан бастап меңгереді.
Мектеп-лицейде білім алып жатқан ұл-қыздармен кездескен аймақ басшысы олармен еркін сұхбат құрып, қазір жастардың өзін танытуға, жетістікке жетуге мүмкіндіктері мол екенін айтты.
Өңір басшысының айтуынша, облыста балаларды мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыруда креативті әдістер жақсы жолға қойылған. Мәселен, былтыр жазда аймақта «Қонақжай отбасы» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Өскеменнің оқушылары Катонқарағай ауданында тұратын отбасыларға қонаққа барып, сол жерде қазақ тілін үйреніп, өлкенің тарихынан, халықтың салт-дәстүрлерінен хабардар болды. Киелі орындар мен тарихи ескерткіштерді аралады. Бұл жоба биыл да жалғасады.
Ресми деректерге сүйенсек, облыстың оқу орындарында кітап қоры уақтылы толықтырылып отырады. Қазір көркем әдебиет бойынша 2 миллион 600 мың кітап бар.
Сонымен қатар 327 мектеп электронды оқулықтарға қол жеткізген. Қалған 16 мектеп интернет жылдамдығы артқаннан кейін қосылады.
Кездесу барысында облыс әкімі оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, соңынан естелік суретке түсті.