Семейдің екі тұрғын ауданына су мен жарық тартылды
Семей қаласының Ұшақтар және Комсомол атты екі шағын ауданына су мен жарық тартылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Негізі бұл тұрғын аудандарға жарық былтыр тартылуы тиіс еді. Алайда жобаға біршама толықтырулар енгізіліп, өткен жылы басталған жұмыс биыл толығымен аяқталды. Тұрғын үйлер түгелдей электр желісіне қосылды. Енді үй иелері ШҚ АЭК-ге хабарласып, техникалық шарттарды алып, электр жарығын қосуға өтініш берсе болғаны. Сондай-ақ «Шығысэнерготрейд» компаниясынан жеке есепшот ашу қажет.
Су мәселесі де тура осылай шешіледі. Су құбыры әрбір үйге тартылды. «Водоканал» мекемесінен жеке есепшот ашу жеткілікті.
Енді аталмыш шағын аудандардың көшелеріне жарық бағандары орнатылып, жолдары жөнделмек. Қазір құжаттама жұмыстары жүріп жатыр. Жоба келесі жылы басталады.