Мемлекеттік табиғи қорықта қабылан пайда болды
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында қабылан пайда болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты.
– 6 қараша күні қабылан фототтұзаққа түсіп қалды. Айта кетсек, бұл екінші жағдай. Түз тағысы бұдан жарты ай бұрын да кезіккен еді. Осыған қарап, қабылан Үстірт қорығын мекендеп алғанға ұқсайды деп жорамалдап отырмыз, – деді С.Ділдахмет.
Оның айтысынша, бұл фототұзақ зоологтар, болашақ Арал-Каспий аймағының фаунасын зерттеушілер және қорық қызметкерлері ұйымдастырған экспедиция барысында құрылыпты.
– Экспедиция мүшелері қабыланды еліміздің фаунасына және қызыл кітапқа енгізуді ұсынбақ, – деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, Алдыңғы Азиялық қабылан жойылып кетудің алдында тұр.