«Соқырлар әлемінен сәлем». Үржарлық зағип ақын кітабын шығара алмай отыр
Үржар ауданы, Қарақол ауылының тұрғыны, жасы 70-тен асқан 1 топтағы мүгедек ағамыз Құрман Малдыбаевтың қолынан әлі қаламы түскен жоқ. Керісінше, жазары да, айтары да көбейіп, қаламы қарымдана түскен. Ол жазған сын- сықақ, сатира, шымшымалар республикалық баспасөз беттерінде нөмір сайын шығып келеді. Көзі қарақты оқырман мұнан ептеп хабардар. Кіріп- шығуы мұң болған Құрекең бұған да мойымай, осы уақытқа дейін жазған дүниелерін жинақтап, 1998 жылы «Ассалаумағалейкүм» атты жыр кітабын оқырман қауымға сыйлаған.
Кейін «Топтан озған тұлпарлар» мен сатиралық жинағы «Қисық айна» жарық көрді. Екі көзі суқараңғы Құрман Малдыбаевтың енді өзі жүріп өткен сан тараулы, шиырлы соқпақтары жайлы «Соқырлар әлемінен сәлем» атты кітабы баспаға дайын. Тек кітаптың шығуына демеушілер табылса деген арманы бар.
Жерлестері Құрман ағаны тек ақын, сықақшы деп қана емес сазгер деп те таниды. Олай болатыны, ол кісінің бірнеше әндері әлі күнге ауылдастарының аузынан түспей келеді. Ол « Қарақол жастарының маршы», «Сағыныш», «Туған жер» т.б. көптеген жүрек тербетер, сезім қылын шертер лирикалық әндер. Бұл әндер көршілес Талдықорған, өзіміздің Семей жұртшылығына жақсы таныс. Сөзін де, әнін де өзі жазатын бұл шығармаларының жанында сатира жанры да елеулі орын алады. Сатира демекші, оның ішінде пародиялары кезінде мүйізі қарағайдай сатириктердің өзін елең еткізіп еді. Сексенінші жылдары белгілі сатирик, профессор Темірбек Қожекеев ҚазМҰУ- де дәріс беретін. Лекция оқып тұрып, Құрман Малдыбаевтың Махамбеттің « Мен, мен, мен едім» аты өлеңіне жазған пародиясына тоқталды. Жілік- жілік қылып, талдаған профессор пародия осылай жазылады деді. Үлгі алыңдар, оқындар, зерттендер деді. Содан бері біршама жыл өтті.
Жүріп- тұруы мұң болған осынау жандардың қарауындағы бес ешкісін жырымдап ұрлағандарға ( адам деуге аузы бармайды) не дерсің!? Ондайлардың сыбағасы да дайын:
Ей, менің меншікті ұрыларым,
Демеймін сендерге мен, құры бәрің.
Егер сендер болмасаң, қайдан білем
Маңайымда тіміскі ұры барын.
Кәрісің, бәлкім, жап- жас өрімдейсің,
Тірі жанның көзіне көрінбейсің.
Қасқырдай түнде жортқан, малды ауылдың,
Қорасын торудан бір ерінбейсің.
Ей, менің меншікті ұрыларым,
Болмасаң да, кәсіпкер, ұлы дарын.
Әйтеуір, мінтеп- мінтеп бес ешкімнің,
Түрің бар тауысатын түбі бәрін.
Ешкімнің көбі кетіп, азы қалды,
Жиендей көтерейін базынаңды.
Сен бірақ ала алмайсың кеудемдегі
сандықтан сарқылмайтын қазынамды.
Қоймаған түнде ұрлыққа аттануды
Білмеген табысына мақтануды.
Егер сендер болмасаң қайдан білем,
Қораға құлпы салып, сақтануды.
Салғызбай полицияға қақпан- құрық,
Азығын ел аузынан жатқан жырып.
Көз ілмей түнде жортқан сабаздарым
Жырлайын сендерді бір мақтан қылып,-деп мақтамен бауыздайды.
Тағдырдың тезінен тұтас шыққан ақын әлі де туған жер деп жырлайды. Әлі де лирикалық өлеңдер жазады. Бар болғаны төрт кластық біліммен осыншама дүние (дүние болғанда қандай!) жазған асыл ағаның бүкіл ғұмыры оқумен, тоқумен өтті. Өздігінен білімін шыңдаған ақын ағаның жолы кейінгілерге үлгі.
Құрман Малдыбаев