ШҚО-да кәсіп ашамын деушілерге қайтарымсыз 54 миллион теңге көмек беріледі
Облыста кәсіп ашамын деушілерге қайтарымсыз 54 миллион теңге көмек беріледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жәрдемақы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының аясында 250 адамға беріледі деп жоспарланған.
Өскемендік Аида Оразаеваның бұрын оқып бітірген мамандығы психолог. Қазір экономист мамандығында оқып жатыр. Талай жыл мемлекеттік құрылымда қызмет істеген. Кейіннен ол қызметтен кетуіне баласының сырқаты себеп болған.
– Балам көз көруінің нашарлығына байланысты мүгедектік топқа жатады. Оны емдету үшін анда-мұнда апарып, емдету қажет. Уақыт керек болды. Мен сол үшін косметолог мамандығын оқыдым. Тырнақ, қас-кірпік күтімін үйрендім. Баста құрбыларымды сәндеп, тәжірибе жинадым. Кейіннен қорқа-қорқа жеке салон ашуды ұйғардым. Бірақ неден бастарымды білмедім, – дейді Аида.
Осылай жүргенде Аида бір күні «Басту» бағдарламасы туралы естиді.
– Аталмыш бағдарлама үлкен көмек болды. Әуелі есеп-қисап жағын үйреніп алдым. Алғашында қанша пайда табатынымды білмеп едім, Есеп-қисапты үйренген соң, кіріс-шығыстан қателеспесең, көл-көсір пайда табатындығыма көз жетті, – дейді Аида.
Аида қазір «Еңбек» атты қайтарымсыз жәрдемақы беретін бағдарламадан 240 мың теңге қаражат алуға үміт етіп отыр. Оның жобасын комиссия жақсы бағалаған. Маман бұл ақшаға қажетті құралдарды сатып алмақ. Ары қарай бизнесін жандандырсам дейді.
– Менің сертификатым бойынша мамандарды оқытуға да болады. Сондықтан болашақта үміткерлерді үйретпек те жоспарым бар, – дейді Аида.