Энергетика вице-министрі қаржы жымқыру күдігіне ілікті
Қазақстанның энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа бюджеттен 215 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Ақордада өткен Қауіпсіздік Кеңесінде бас прокурор Қайрат Қожамжаров мәлім етті.
-Заң тарапынан жақында энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалған Шкарупаға қатысты шағым бар. Осыған дейін Саран қаласы әкімі лауазымында болған. Ол 2015 жылы Қарағанды облысы Саранда жылуды есептеу құрылғыларын орнатуға бөлінген 215 млн теңгені жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілікті. Есептеуіш құралдар бос қабырғаларға орнатылған. Аталған факті бойынша біз қылмыстық істі тергеуге кірістік, - деді Қайрат Қожамжаров.