Татарстан іссапары: Семейде "Қазан" үлгісіндегі агроөнеркәсіп паркі ашылуы мүмкін
Облыс әкімі Даниал Ахметов "Қазан" агроөнеркәсіп паркінің жұмысына ерекше қызығушылық танытты. Алдағы уақытта мұнда өнеркәсіп паркі Семей қаласында да бой көтеруі мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Татарстан астанасынан.
Облыс басшысы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке осынау жобаның қыр-сырымен терең танысып, зерттеуді тапсырды.
2013 жылы ашылған Агроөнеркәсіп паркі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қолайлы жағдай тудырып отыр. Парк директоры Олег Власовтың айтуынша, осынау кешен бір мезгілде бірнеше функцияны атқаратын көрінеді.
Мұнда дайын өнімді өңдеп сатудан өзге оны сақтайтын қоймалар, тіпті өз өнімін саудалаушылар үшін қонақ үйге дейін қарастырылған. Парктің аумағы 50 мың шаршы метр жерді алып жатыр.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шығысқазақстандық делегация Татарстанның астанасы Қазан қаласында жүр. Құрамында жергілікті атқарушы органдар мен басқармалар, бизнес қауымдастығы өкілдері бар ресми делегацияны Татарстан Республикасының Премьер-министрі Алексей Песошин қарсы алды.