Даниал Ахметов бастаған ШҚО делегациясы Татарстанда жүр
Облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шығысқазақстандық делегация Қазан қаласына келді. Құрамында жергілікті атқарушы органдар мен басқармалар, бизнес қауымдастығы өкілдері бар ресми делегацияны Татарстан Республикасының Премьер-министрі Алексей Песошин қарсы алды.
Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күнінде шығысқазақстандық делегация Қазан қаласының мәдени-тарихи ескерткіші – Қазан Кремлін аралап, экскурсия жасайды. Жалпы, татар мәдениетінің орталығы болып табылатын Қазан қаласы қазаққа да жат емес. Мұндағы «Ғалия» медресесінде кезінде Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев секілді ақын-жазушыларымыз білім алып, қиялын шыңдаған. Әдебиетіміздің небір жауһарлары да осы Қазан қаласында кітап болып басылып, күллі қазақ қоғамына жол тартқан болатын. Қазан Кремлі бұл – татарлардың баға жетпес қазынасы, мәдениеті мен тарихының жарқын көрінісі. Қазанға жолы түскен туристердің ешқайсысы ЮНЕСКО-ның қамқорлығына алынған осынау бірегей ескерткішке соқпай кетпейді екен. Осы музейдің таныстырушысы Ирина Полейдің айтуынша, тек өткен жылы Татарстанға 3 млн. турист келіпті. Оның айтуынша, Казанка көлінің солтүстік-батысында орналасқан Кремльдің іргетасы 1555 жылы қаланыпты.
Шығыс Қазақстаннан келген қонақтар мұндағы Құл-Шәріп мешітін аралап, қыпшақ қызы Сүйінбике анамыздың мұнарасын тамашалап, тәу етеді. Кремльде сондай-ақ Татарстан президентінің аппараты, Ресей президентінің резиденциясы секілді бірқатар әкімшілік-басқару орталықтары орналасыпты.
Іссапардың екінші күнін шығысқазақстандық делегация «Қазан» агроөнеркәсіп паркінің жұмысымен танысудан бастайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ешқандай делдалсыз тұтынушыға тікелей жеткізудің барлық тетігі қарастырылған осынау жобаға шығысқазақстандық ауыл шаруашылығы саласының өкілдері ерекше қызығушылық танытқан.
Татарстанның жоғары технологиядағы табыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Осы орайда бауырлас аймақтар болашақта ғылым-білім саласындағы өзара ынтымақтастықты одан ары нығайта түсу жайында келісімге келіп, алдағы жоспарларды пысықтайды.
Сондай-ақ бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шығысқазақстандық делегация 200 жылдық тарихы бар Қазан федералды университетінде болып, Иннополистегі Smart city қалашығына барады.