KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

2021 жылға қарай ШҚО жолдарының 80 пайызы жақсарады - Даниал Ахметов

10.10.2018, 16:09 113

Маңызды жиында облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Жолдауындағы алты негізгі бағыт бойынша облыста нақты іс-шаралар жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол ең төменгі жалақының артуы жалпы облыс экономикасына серпін беретінін атап көрсетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Шығыс Қазақстанда «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 14 миллиард теңгенің 780 жобасы іске асырылған. Енді бұл игілікті істер 2025 жылға дейін жалғасатын болып отыр. Жыл басынан бері облыста 14 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 11 мыңы тұрақты орындар болып табылады.


– Ауыл шаруашылығы саласы да Жолдауда көрсетілген қосымша қаржыландырудың нәтижесінде серпін алмақ. Қазірдің өзінде Семейде «Агропортал» ЖШС 11 миллиард теңгеге Иран кәсіпкерлерімен бірлесіп ет комбинатын салып жатыр, өндіріс орны бір жарым жылдан соң іске кірісуі тиіс. Ал, Аягөз ауданында «Еуразия Холдинг» компаниясы аустралиялық инвесторлармен тізе қоса отырып, 50 мың басқа шақталған мал бордақылау алаңын салуда. Құны 9 миллиард теңге болатын осы жоба аяқталған соң, олар етті Ресей мен Араб түбегінің елдеріне экспортауды бастайды. Экспорт демекші, азық-түлік тауарларын шетке шығару мақсатында облыста Қытай стандарттарын растайтын арнайы зертхана салынып жатыр. Ол аяқталған соң шаруалар өз өнімдерін Аспан асты еліне шығару мүмкіндігіне ие болады, – деді баяндамасында аймақ басшысы.


Жолдауда айтылған маңызды бір бағыттардың бірі – ішкі туризмді дамыту. Бұл ретте қолға алынған жобалар аз емес. Солардың бірі – Өскемен мен Үржар әуежайлары жаңартылатын болып отыр. Облыс Алакөл жағасын абаттандыруға ғана 5,2 миллиард теңге қаржы жұмсаған, биыл шипалы көлдің жағалауында 650 мың адам демалыпты. Аймақ басшысы үш жылдан соң бұл көрсеткішті 1 миллионға дейін жеткіземіз деп уәде етті.


Жол жөндеу жөнінде 2021 жылға қарай облыстағы барлық жолдардың 80 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілетіні айтылды. Ал, цифрландыру саласы бойынша алдағы 7 айдың ішінде облыс орталығына 4 мың бейнекамера орнатылып, олар бір орталықтан басқарылатын болады. Бұл – «Цифрлық Шығыс» атты қабылданған арнайы бағдарламаның тек бір бағыты ғана. Сондай-ақ, алдағы уақытта Өскемен мен Семейдің қоғамдық көліктері электронды билетке көшпек.


Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ Өскемендегі Драма театрының үлкен залында облыс активімен келелі басқосу өткізді. Сөз алған Премьер-Министр өздерінің өңірімізге Елбасының жуырда жариялаған Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында алғашқы ақпараттық-насихат тобы ретінде келіп отырғанын жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив