Депутаттар Шаған кентіндегі мектеп мәселесін талқылады
Семейдегі Шаған кентінде бір ғана мектеп бар. Мектебінде бөлме саны жеткіліксіз. Спорт залы да, асханасы да, дәрігерлік бөлімшесі де жоқ. Білім ордасының мәселесі Семей қалалық мәслихатының сессиясында көтерілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі semeyainasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Сессияда мектепке бөлме жалғау керек пе деген сауал тасталды ортаға.
– Біз құрылыс бөлімімен сөйлескен едік, олар бөлме жалғау үшін 394 миллион теңге қажет екендігін айтты. Ал жаңа мектеп үшін 420 миллион теңге керек, – деді білім бөлімінің жетекшісі Наталья Фесенко.
Бұдан кейін «сол мектепке жалпы құрылыс жүргізу керек пе?» деген сұрақ шықты алдан.
– Бала санының өсуі байқалмайды – бұл мектепке қандай да бір әрекет істеу мәселесі неге көтерілді? Былтыр 75 бала оқыған, биыл – 73, – деді Наталья Фесенко. Бұл істің тиімсіз екендігін де атап өтті ол.
Келесі сөз кезегін қалалық мәслихаттың депутаты Бауыржан Қайрамбаев алды.
– Білім алуға әрбір адам құқылы. Тиімді ме, тиімсіз бе – мен мұндай сөзді түсінбеймін. Тіпті ол жерде 70 бала қалса да, жақсы мектепте оқуы керек оқушылар. Бұл жерде адам құқығы бұзылып жатыр. Ол жерге мектеп салу керек, – деді Б.Қайрамбаев.
Бұған қоса жиында Шаған кентінің теміржол бекеті екендігі, ол жерден халық көшіп кетпейтіндігі айтылды. «Демек, онда мектеп қажет» деді халық қалаулылары.