Қыркүйектің 15-інде Қазақстанда емханаларға тіркелу науқаны басталды
Қыркүйектің 15-інде Қазақстанда емханаларға тіркелу науқаны басталып кетті. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі науқан 15 қарашада аяқталады. Енді емханаларда бір учаскеге тіркелетін тұрғындардың саны1700-ден аспауы керек. Бұған дейін бір учаскелік терапевт 2200 адамға дейін қабылдайтын. Сол себепті емхананы таңдауда тұрғындардың ертерек қимылдағаны дұрыс, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту қосымша учаскелер ашуды қажет еткендіктен алдағы уақытта облыс көлемінде қосымша 66 учаске пайдалануға берілуге тиіс. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов мәлімдеді.
- Қазір емханалар пациенттің санына қарай қаржыландырылады. Ақпарат пен қаражат пациенттің соңынан еріп отырады, сондықтан емдеу мекемесін таңдағанда тіркелуші өзіне барынша тиімді әрі қолайлысын таңдағаны дұрыс. Учаскелік терапевтердің жүктемесі 1700 пациентке дейін кемігендіктен, қосымша учаскелерді ашатын боламыз. Оларда кадр тапшылығы болмайды, - деді Марат Шоранов.
Емханаға тіркелу науқаны қаралып жүрген емдеу ұйымына көңілі толмайтындарға басқа жаққа ауысуға мүмкіндік беру ғана емес. Сонымен қатар бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медициналық мекемелердің келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі.
-Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының облыстық филиалында 131 медициналық ұйым тіркелген. Оның 61-і жекеменшік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы да артады деген болжам бар, - деді Қордың облыстық филиалының директоры Болат Алиев.
Болат Хайроллаұлының түсіндіруінше, емхананы таңдаған кезде екі принципті ұстанған абзал.
-Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының облыстық филиалында 131 жеткізуші тіркелген. Оның 61-і жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы да артады деген болжам бар. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып отыр, - деді Қордың облыстық филиалының директоры Болат Алиев.
Өткен жылдан бері Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетелдік азаматтарға да емдеу орындарына тіркелу құқы берілген болатын. Денсаулық саласының басшылары елімізде ұзақ уақыт тұрып жатқан барлық азаматтарға медициналық қызметтерді алуға бірдей мүмкіндік туғызудың қажеттілігін баса айтты.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар үш түрлі жолмен, атап айтқанда, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады.