Өскемендегі "жүкті" жігіттен дәрігерлер кешірім сұрады
Өскемендік ер азаматтан "жүктілік" белгілері байқалғанын жазған едік. Істің мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Амбулаторлық орталықтың» мамандары Өскемендік тұрғынның бүйрегі ауырып келгенін айтып отыр. Тиісінше дәрігер тексеру жұмыстарын жүргізген. Талдау нәтижелері шыққан соң, маман диагноз қойып, қажетті дәрі-дәрмекті де жазып беріпті. Яғни бұл жерде дәрігердің қателігі жоқ. Тек құжаттарды толтыру кезінде ағаттық кеткен көрінеді. Емделушінің амбулаторлық картасына өзге де ауру белгілерімен қоса, жүктілік «түсіп» кеткен.
– Тексеру нәтижелері компьютерде стандартты үлгіде тұрады. Сол жерден медициналық қызметкерлер керектісін алып, қояды. Техникалық ақау болған жағдайда, мәтіндердің араласып немесе бұрынғы бір мәліметтердің сақталып қалуы мүмкін. Дәрігер компьютерде басылып шыққан тексеру нәтижесін қайта қарап, тексермеген. Бар қателік осы болып тұр. Әлбетте, ол азаматта ешқандай да жүктілік белгілері жоқ, – деп хабарлады ШҚО денсаулық сақтау басқармасы.
Осыдан кейін емхана басшылығы емделушімен хабарласып, туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраған көрінеді.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, бұрын-соңды мұндай техникалық қателіктерге жол берілмеген. Алайда бұл мәселе орталықтың жиналысында қаралып, ағаттық жіберген дәрігердің тәртіптік сөгіс алғанын айтты басқарма өкілдері.