Салық төлемей жүргендерді жаңа "тосын сый" күтіп тұр
Салық төлемеген азаматтар бұдан былай банктен есеп-шот аша алмайды. Бұл туралы Алматы қаласындағы Медеу аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының баспасөз қызметі хабарлаған.
Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап екінші деңгейлі банктер мен ұйымдар банк операцияларының жаңа түрін жүргізетін болады. Яғни олар салық және әлеуметттік төлемдерге қарыздар салық төлеушіге банктен есеп-шот ашуға бас таруға міндетті.
– Осылайша 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап салықтық қарызы барлар банк есеп-шотын аша алмайды. Әйткенмен, ақша аудару, кредит рәсімдеу, әлдебір дүние-мүліктік жарнаны төлеу сияқты операцияларды жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек олардың 1 шілдеден кейін жұмысқа орналасқандары айылық та ала алмайды. Өйткені қазіргі уақытта жұмыс берушілердің басым бөлігі жалақыны банк есеп-шоттарына аударатыны белгілі. Осының салдарынан қандай да бір келеңсіз жайтқа тап болмас үшін, салық қарыздарын тез арада өтеуге шақырамыз, – деп кесіп айтты ведомствода.
Салық қарызыңыздың мөлшерін kgd.gov.kz сайтынан немесе тұрғылықты жердегі салық органынан біле аласыздар.