ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындайтын арнайы комиссия құрылды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау құзіреті жергілікті әкімдіктерден Туризм және спорт министрлігіне берілді. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы комиссия құрылды, оның жұмысына министр Ербол Мырзабосынов жетекшілік етеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде, ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуі кезінде, әрбір өңірдің қай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Мемлекет басшысы спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіруді Үкіметке тапсырды. Комиссияның басты міндеті – басқармалар арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктерді әділ әрі нақты бөлу.
Комиссия өңірлік спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған кандидаттарды тәжірибесі, басқарушылық қабілеті, коммуникациялық дағдылары, стратегиялық ойлау қабілеті және моральдық-этикалық қасиеттері бойынша сараптайды.
Кандидаттарды ұсыну процесі жергілікті атқарушы органдар мен министрлік арқылы немесе азаматтардың өз бастамасымен жүзеге асырылады. Комиссия бүгінге дейін Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының спорт басқармаларына жаңа басшыларды тағайындау мәселесін қарастырды.