Өскемендік азамат шынжырлы арамен жанармай құю станциясына шабуыл жасағаны үшін сотталды
Жанаргүл Мұқатай
Өскемен қаласының №2 соты ҚК-нің 192-бабының 1-бөлігі (тонау, яғни шабуыл жасаған адамның өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық қолдану қаупімен біріктірілген бөтеннің мүлкін ұрлау) бойынша азамат А-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сот мәліметінше, сотталушы А. қаражат тапшылығынан Өскемен қаласындағы жанармай құю станцияларының біріне шабуыл жасауды жоспарлаған. 2024 жылдың шілде айының басында шынжырлы ара сатып алып, оны жеке заттарымен бірге жалға алған пәтерінде жасырған. 19 шілдеде сағат 18:30 шамасында азамат А. шынжырлы ара мен өзге де заттарын арқа сөмкесіне салып, «Апару» қосымшасы арқылы такси шақырып, полиция департаментіне қарай беттеген. Таксиден шыққан соң, Үлбі өзенінің жағасына барып, киімін ауыстырып, Абай мен Шәкәрім даңғылдарының қиылысындағы жанармай құю станциясына қарай бет алған.
Жанармай құюға келген көліктердің жоқтығын пайдаланып, азамат А. футболкасын бетіне маска ретінде байлап, кассир мен күзетші отырған бөлмеге кіріп, шынжырлы араны қосып, кассирден пакетке ақшаны салуды талап еткен. Осы сәтте күзетші шабуылшыға құмыра лақтырған, құмыра істеп тұрған шынжырлы араға тиіп, оны бұзып тастаған. Осыдан кейін азамат А. оқиға орнынан қашып кеткен.
Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы А. өз кінәсін мойындап, әрекеті үшін шын ниетпен өкінгенін білдірді.
ҚК-тің 192-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұл қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкім шығару барысында азамат А-ның қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды, кінәсін мойындауын және шын ниетпен өкінуін ескерген. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот азамат А-ға мүлкін тәркілемей, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтеумен 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуы осы баптың ең төменгі жазасын қолдануға негіз болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.