KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
444.14 477.05 4.85

Ацтек ұрпақтарының 16-шы мүмкіндігі

27.06.2018, 08:52 295

Әлем чемпионаттарына атақты Испания, Франция, Англия және Уругвай сияқты құрамалардан да жиі қатысқан, алайда солардың биігіне шығып көрмеген команда бар. Ол – Мексика құрамасы.

Жаһандық футбол тарихына үңілсек, әйгілі ацтектердің мұрагерлері 20 Мундиальдің 15-іне қатысқанынан хабардар боламыз. Ресейдегі Әлем біріншілігі 16-шы болып тұр.


Бұл шын мәнінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже. Сөйте тұра, Мексика сол доп додаларында чемпиондықты қойып, бірде-бір рет үздік төрттікке ілініп көрмеген команда болып қалуда. «Жасылдардың» ең үздік нәтижесі өз жерінде өткен екі Мундиальда тіркелген. 1970 және 1986 жылдары ұйымдастырылған сол чемпионаттарда жарыс қожайындары ширек финалға дейін жеткен-ді. Ал қалған біріншіліктерде олар көбінесе топтық кезең мен 1/8 финалдан ары асалмай қалатын.


Осындай бір жағымсыз статистикаға биылғы Әлем біріншілігінде өзгеріс еніп қалуы мүмкін. Оған себеп те аз емес. Ең алдымен, мексикалықтардың топтық кезең барысында жеткен екі жеңісін атап өткен орынды. Әсіресе, Әлем чемпиондары Германия құрамасын сан соқтыруы жеке бір мақалаға арқау бола алады. Бұл ойынды көрген адам мексикалық футболшылардың жасыл алаңдағы жанкештілігіне, өзінен анағұрлым мықты қарсыласпен тайсалмай ойнауына қайран қалғаны сөзсіз. Жалпы, бұл екі құраманың жолдары бұған дейінгі чемпионаттарда да бірнеше рет түйіскен. Сондай жағдайдың бірі жоғарыда айтқан 1986 жылғы Мундиальда орын алған. Сол біріншілікте топтық кезеңнен іркілмей өткен мексикалықтар плей-офтың бірінші сатысында болгарларды 2:0 есебімен ұтып, ширек финалға жолдама алған болатын.


Бір айта кетерлігі, Болгария құрамасымен ойында қайшылай теуіп гол соққан жартылай қорғаушы Мануэль Негретенің добы күні бүгінге дейін Әлемдік доп додалары тарихындағы үздік нәтижелі соққылардың бірі болып саналуда. Дегенмен, келесі ойында «неміс машинасымен» кездескен «ацтектер» матч соңындағы пенальти сериясында ұтылуға мәжбүр болды. Сол сияқты 1998 жылы Францияда өткен доп додасында да мексикалықтардың жолын дәл осы Германия құрамасы кескені есімізде. Монпелье қаласында өткен сол 1/8 финалдық кездесуде Мексика футболшылары жеңіп тұрып, жеңіліп қалған болатын, есеп 1:2.


Енді, міне, араға 20 жыл салып, қайтадан қарсылас атанған екі құраманың бұл жолғы айқасында мұхыттың арғы жағынан келген команданың мерейі үстем болды. Кезінде мадридтік «Реал» сапында жасындай жарқылдаған Уго Санчес, құрама сапында рекордтық кездесу өткізген Клаудио Суарес, құйынперен шабуылшылар Куаутемок Бланко мен Луис Эрнандестердің лайықты мұрагерлері бар екенін көрдік. Әсіресе, бес бірдей Әлем біріншілігінде Мексика құрамасының капитаны міндетін атқарған Рафаэль Маркестің, қақпашы Гильермо Очоаның, жартылай қорғаныстағы ағайынды дос Сантостар мен Мигель Лайюнның, шабуылшылар Карлос Вела, Хавьер «Чичарито» Эрнандес пен Ирвинг Лосаноның өнерлері көпті сүйсінтті.


Биылғы доп додасын тәп-тәуір бастаған Мексика құрамасы осы шабысынан жаңылмаса екен дейміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив