KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Хорватияның қарқыны - жиырма жыл бұрынғы жағдай қайталана ма?

22.06.2018, 12:03 151

Ресейдегі доп додасының топтық кезеңі бел ортасына жетті. Осы аралықта бірнеше сенсация тіркеліп, Әлем кубогі үшін жарысты аяқтаған құрамалардың алғашқылары да белгілі болып қойды. Қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Мысыр, Перу, Марокко сияқты командаларды үйлеріне қайтара берсе де болады. Бір қызығы, жақында олардың қатарына Аргентина да қосылып қалуы ықтимал, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Басқасын қайдам, өз басым дүбірлі доданың қай-қайсысында да шаппай бәйге сұрайтын Бразилия, Франция, Испания сияқты құрамалардан гөрі, ортаңқол ұжымдар саналатын Мексика мен Хорватияның өнерлеріне тәнті болдым. Бірі Әлем чемпиондары Германияны, екіншісі Месси бастаған Аргентинаны сан соқтырған бұл екі ұжымның ойындарын көріп, ләззат алмаған адам кемде-кем шығар. Әсіресе балкандық команданың жөні бөлек. Құрамында Месси, Агуэро, Игуаин, Дибала сияқты кілең «сен тұр, мен атайындар» бар латынамерикалық команданы 3:0 есебімен тізе бүктіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.


Жалпы, Хорватия футболы туралы сөз қозғалғанда, ойға еріксіз осыдан 20 жыл бұрынғы Мундиаль оралады. 1998 жылы Франция жерінде өткен жаһандық доп додасында сол кездегі бас бапкер Мирослав Блажевичтің командасы тамаша нәтижеге қол жеткізгенін футболсүйер қауым жақсы білуі тиіс. Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып тұрса да, хорваттар тек чемпион атанған Франция мен күміс жүлдеге ие болған Бразилияны ілгері жіберіп, үшінші орынға ие болып еді ғой. Бір айта кетерлігі, сол біріншілікте де Хорватия құрамасы Аргентинамен бір топта өнер көрсетіп, Марадонаның жерлестеріне 0:1 есебімен жол берген болатын. Енді міне, араға 20 жыл салып, сол кезде кеткен есені қайтарды олар. Қайтарғанда қандай, мақтаулы аргентиналықтардың қақпасына жауапсыз үш доп соғып, әлгілерді кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Бұдан кейін екі дүркін Әлем чемпиондары топтан шықпай қалып жатса да таң қалмаңыз.


Ал хорваттардың бұл жетістігі шынымен айтуға тұрарлық. Қарсыластар арасындағы кездесуді көрген адам еуропалықтар бірінші кезекте мықты жартылай қорғанысының арқасында жеңіске жеткенін айтады. Рас, матчтан кейін қуаныштан жүзі бал-бұл жанған балкандық жанкүйердің бірі айтқандай, ортада ойқастап жүретін Модрич, Ракитич пен Брозович сынды ойыншылар барда командаға Месси де, басқа да қорқынышты емес-тін.


Осы жеңісінің арқасында Хорватия құрамасы плей-офф кезеңіне күні бұрын жолдама алып қойған төртінші команда атанды. Бұған дейін мұндай жолдамаларға Ресей, Уругвай және Франция командалары да ие болған-ды. Ал 1/8 финалда Златко Даличтің шәкірттері «С» тобындағы командалардың бірімен шеберлік байқаспақ. Естеріңізде болса, бұл топта Франция, Дания, Австралия және Перу құрамалары өнер көрсетуде.


Сөз соңында оқырманға қызықты болар деп, Хорватия үшін ең жемісті болған 1998 жылғы Әлем чемпионатындағы ел құрамасының ойындарын тізбектеп өтуді жөн көрдік. Сол кезде шымылдықашар ойынын Ямайка құрамасына қарсы өткізген хорваттар матчты 3:1 есебімен өз пайдасына аяқтаса, одан кейін Жапония құрамасын 1:0 есебімен ұтқаны бар.


Топтағы соңғы кездесуінде аргентиналықтардан жеңіліс тауып, плей-офф кезеңіне екінші орыннан шыққан олар 1/8 финалда атақты Георге Хаджи бастаған Румынияны 1:0 есебімен ұтады. Дегенмен нағыз сенсацияны балкандықтар ширек финалда жасайды. Сол кездегі Еуропа чемпионы әрі жарыстың басты фавориттерінің бірі Германия құрамасын 3:0 есебімен жеңген Блажевич бапкердің командасы тек жартылай финалда болашақ чемпиондар француздармен өткен матчта ғана сүрінеді, есеп 1:2. Осыдан кейінгі үшінші орын үшін болған кездесуде хорваттар 2:1 есебімен тағы бір айтулы ұжым Нидерланд құрамасынан басым түседі. Сол жолы Әлем чемпионаттың үздік мергені болып хорватиялық Давор Шукер (6 доп) танылғанын айта кеткен де жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив