KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, З
484.37 531.06 5.05

Ұландық мұғалім ауылға қажет "ақылды" бүріккіш жасады

13.06.2018, 07:28 226

Ұлан ауданы Герасимовка орта мектебінің мұғалімі Николай Иманжанов өзін, оқушыларын елге танымал еткен «ақылды» бүріккіш жасап шығарды.  


Картопты Колорадо қоңызынан, арамшөптен арылтып, ауыл шаруашылығы еңбегін жеңілдетіп,  ондаған  гектар алқапты тазартып, өңдеп, құнарландырып, бір өзі  бірнеше адамның жұмысын  атқаратын бүріккіштің өзгешелегі оның осы  тиімділігінде. Егін шаруашылығына арналған бүріккіш жобасы  биыл облыс кәсіпкерлері палатасының ұйымдастыруымен облыста өткен  студенттер мен оқушылар арасындағы «Жастар және бизнес»  инновациялық жобалар конкурсының жеңімпазы атанды. Николай аға оқушыларымен бірге ең алғашында бүріккішті шағындап,  40 литрлік флягқа орнатылған төрт форсункалы құрылғы етіп жасайды. Одан соң құралдың сыйымдылығын ұлғайтып, оны 200 литрлік үлкен бөшкеден жасап шығарады. Төрт форсунканың орнына алты форсунка қойып, құрылғының өнімділігін анағұрлым арттырады. Бүріккіштің бөлшектерін сатып алуға бас-аяғы 15-20 мың теңге ғана кеткен екен. Алайда құрылысы күрделі, жиып-теруі қиын бөлшектерді  осы жүйенің жұмыс технологиясын, тілін білетін адам ғана жасай алады. Өнертабыс иесі «Шебер қолдар» үйірмесіндегі шәкірттерін осы қарапайым да қажетті техниканы жасап, қолдануға үйретіп, өз еңбегінің игілігін елге көрсетуде. Өзіндік құны өте төмен, өнімділігі аса жоғары, жағармайды үнемдейтін мұндай егін шаруашылығына бейімделіп, жетілдіріліп жасалған бүріккіш құрал елімізде ешқайда  жоқ. Бары  бірнеше жұмыс түрін бір мезетте атқара алмайды.


- Бүріккіш құрал зиянкес жәндіктер мен арамшөптерді 97 пайыз толық жоя алады.  Т-25 тәрізді ықшам тракторға тіркеліп, картоптың аралығымен жүріп отыратын құрал бір жүргенде алты қатар картоп түбіне гербицид сеуіп өтеді. Бір тамшы су  арамшөптің бір-ақ жерін күйдіреді, ал көзге әрең көрінер микробөлшектермен бүркіп себілген су арамшөптің, зиянкестің барлық жеріне тиіп, тұтастай жояды. Бүркіп  келе жатқан кезде қарап тұрсаңыз, бүркіліп өткен егіннің үстіңгі қабатында күн көзімен сәулеленіп ауаның ылғалдануынан кейін, жаңбырдан соң пайда болатындай кәдімгі қызыл, жасыл жолақты кемпірқосақ шоғыры шығады.  Жұмыстың сапалы жүргізіліп жатқандығының бір белгісі осы кемпірқосақтар, - дейді Николай аға. - Тракторға жалғанған сорғы шлангалары арқылы бөшке ішіндегі қоспа қысыммен өздігінен бүркіліп, сұйықтық автоматты түрде үнемі араластырылып отырады, гербицид тұнып қалмайды. Осы инновациялық бизнес-жобаны  даярлаған  шәкірттерім - Яна Мумлева мен Аружан Кенжебекқызы  жазғы лагерьге тегін жолдама алды.


Ұстаздың шәкірттерімен бірге құрастырған бүріккіш құралы бес-алты  жылдан бері мектептің картобы егілген бір гектар алқапты өңдеуге пайдаланылып жүр. Мектептің балалары, ұжымы бұрынғыдай картоп түптеп, шөп жұлып текке шаршамайды. «Ақылды бүріккіш» бір жүріп өтсе болғаны, арамшөп құртылып, картоптың шығымы артты дей беріңіз.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив