KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 2 м/с, СШ
476.27 515.47 5.41

Қобыз жасайтын неміс

7.06.2018, 09:19 185

Ұлттық аспап туралы айтқан ұста сөзіне қарап, қазақылықтың уызын ұртына жаққан қаракөздің бірі деп ойлайтыныңыз анық. Алайда бұл – неміс ұлтының өкілі Петр Круч есімді прима-қобыз жасаудың шебері. Қазақ болмаса да, «қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым» деуге жарап тұрған жігіттің өзі. Қызық адам. Қызығы мынау: өзгеше өнерінен құлаққағыс болған соң, өзіне хабарласып, жолы түссе редакцияға келіп, аз-кем сұхбаттасуды өтінген едік. Уәделі күні келіп, кабинетке кіре сала, салдырлай жөнелгені осы. Мен «айта беріңіз» деп те үлгермей қалдым. Бұдан кейін де сауал қоюдың керегі жоғын ұқтым. Басымды изеп, иек қақтым.


– Бұл өзі ұмытылып бара жатқан өнер ғой. Қобызды жанын салып жасайтындардың қарасы аз. Бұл аспаптың қыр-сыры қандай терең әрі бұйығы болса, оны қастерлейтін жандар да қасаң тірліктен арнасы бөлек өмір кешуге құштар, – деді ол қамшы салдырмастан. – Ағаштар - тіршілік иесі. Олардың тілін табу керек. Түсіне білу қажет. Әр ағашпен жұмыс істеудің жөн-жосығы болады. Соны білетіндер азайды. Ағашты шапқанның жөні осы деп, қара дүрсінге салуға келмейді. Санға жұмыс істеп, ашкөздікпен былғауға болмайды өнерді. Ондай шеберсымақтар ұзамай шығармашылық бедеулікке ұшырайды, сеніңіз!


Шебердің шығармашылыққа, өнерге деген құрметіне риза болдық. Оның өзін осылай тәрбиелеген кім екенін білуге құмарттық. Көңілі сүйген контрабаста ойнап, қамсыз ғана жүрген Петрді қолөнерге алып келген Евгений Сабко екен. Ұстаз бен шәкірттің таныстығы өнер училищесінде басталған.


Мен музыкаға бала кезден әуес едім. Қолыма түскен аспапты дыңғырлатып әкететін әдетім жайлы үлкендерден естігем. Мектеп қабырғасында спортқа да талаптандым. Өзге де әуестіктерім болды. Бірақ 11-сыныпты тәмамдаған соң, музыкаға аңсарым ауды. Бәрінен де сол жақын екен. Сондықтан өнердің өлкесіне қадам басуға бек сайландым, – деп сөзін жалғады. Жан-жақты адам екені сөйлеген сөзінен көрініп тұр. Ал қазанат денесі спортқа жақындығын аңғартқан еді кірген бойда.


Мектеп бітірген тұста Абдуллиндер атындағы өнер училищесі маған есік ашты. Бағым жанып, оқуға түстім. Сол жерде музыкалық білім алдым. Ұстайтыным – контрабас. Дәл осы білім ошағында мен тағдырымды өзгерткен, дұрысы, өз соқпағына салған адаммен кезіктім. Ол – дәріс оқитын ұстаздарымның бірі Евгений Сабко еді. Бір көргеннен тұлғасы тартатын да тұратын. Өнер адамы ретінде маған үлгі еді. Әңгімелесе келе, ұстазымның музыкалық аспаптардың шебері екенін білдім. Өзім соншалықты сүйетін аспаптар! Мен де өз қолыммен жасап көрсем ғой деген құмарлық биледі бойымды, – дейді Петр.


Ұстаз Евгений шәкіртінің көңілін жықпай, шеберлік өнердің қыр-сырына баулиды. Зерделі Петр уақыт өте скрипка жасауды меңгереді. Өзінің айтуынша, ол осы жерде өнерге деген құрметті тұңғыш сезінген. Еліміздің өзге де өңірлеріндегі өрелі шеберлерден көп сабақ алса да, ағаш өнеріне адалдықты алғашқы ұстазы бойына сіңіргенін айтады.


Петр скрипканың сырына Өскеменде қанықты. Ал қобызға деген қызығушылығы өнердің үлкен ортасына барғанда туса керек.


Елордадағы «Шабыт» өнер университетіне білімімді шыңдауға бардым. Өнердің алып ордасында кіл мықтылардың жиналатыны анық қой. Менің тобым да сондай таланттарға толы еді. Өзім үшін өмірдің жаңа парақтарын ашқандай болғам сол сәтте. Мен танып-білмеген сан аспаптың сыры бар екен-ау дедім. Қатарластарымның ішінде қобыздың құлағында ойнайтын қас шеберлер болды. Олар мықты музыканттар еді. Достарымның арқасында қобыздың құдіретін түсіндім, – дейді  кейіпкеріміз.


Скрипка жасауды әбден меңгерген Петр ендігі жерде бейне бір қобыз бен скрипканың қосындысындай болған прима-қобызды жасауды ойға алады. Оқуын тәмамдап, өңірге оралған беттегі білек сыбанып кіріскен шаруасы осы. Өскемендегі мәдениет үйінің ішінен шағын шеберханасын ашады. Айтуынша, әбден зерттеп-зерделеуіне, көкейіндегі туындысын жобалауға бес жылдай уақыт жұмсаған. Осы уақыт аралығында жалпы қобыздың шығу тегімен, күй өнерімен және қазақтың белгілі қобызшыларымен танысқан. Жақсы қобыз жасау үшін қобызшының жанын түсінуің керек деп санайды. Өзі де музыкамен етене жақын ғой. «Қобызға жанын беріп ойнайтындар да, қобызды жанын салып жасайтындар да саусақпен санарлық. Сол себепті бір-бірімізді төбеміз көрінген жерден танып, сыйласып жатамыз. Алыстан тілеулес боп жүреміз», - дейді ол. Ал киелі аспаптың арғы-бергі тарихын судай ағызғанда, айызың қанады-ақ. Соңғы бес жыл көлемінде ғана прима-қобыздың қыр соңына шындап түскен. Ағаштардың бар қасиетін түсінгенде ғана жасап шыққан аспабың сөйлейді дейді. Қолымен жасаған дүниесіне құдірет қонбай, тіл бітпей қалса, шебер үшін үлкен қасірет көрінеді. Ондай сәттерді Петр бастан кешкен. Өз баласындай туындысын еріксіз отқа тастаған кезі болған екен. Мұндайда ол: «мен аспапты емес, өзімді отқа саламын. Киелі аспап тілсіз болмайды. Ол сөйлеп кетуі керек. Сөйлемесе, ол - менің мінім. Жұмыс барысында әлденеден қателесуім мүмкін», - дейді.


Петрдің жасап жүргені, әлбетте, үйеңкінің түбінен үйіріп алып, желмаяның терісін шанақ қылған, ортекенің мүйізін тиек қылған, бесті айғырдың құйрығын ішек қылған Қорқыттың көне қобызы емес. Алайда прима-қобыздың бабын табу да оңай болмай шықты. Оған қажетті материалды жас шебер сан тараптан алдырады. Мәселен, мінсіз прима-қобызға қажетті үйеңкі Украина жерінен жеткізіледі. Шығыс Сібірдегі Ангараны бойлай өскен шыршаларды да аттай қалап алдырады. Ал  ысқысы мен құлағына жарайтын ағаштар Оңтүстік Шығыс Азия аймағынан әкелінеді. Осының бәрі аз қаражатты қажет етпейтінін айтпаса да, түсініп отырсыз. Осы жарақтар өз жерімізде де бар екеніне шүбәміз жоқ. Шебердің айтуынша, Жоңғар Алатауы мен Медеу алқабындағы шыршалар әлемде теңдессіз деп танылған. Алайда ол жердің бәрі қорыққа айналды ғой.


Петр Кручке прима-қобыз жасатуға кезекке тұрғандардың қарасы көп бұл күнде. Олардың ішінде қылқобыз жасап бер деп қолқа салғандар да бар дейді. Шебер керекті қылға қол жеткізгенімен, мықты тері таппай жүр. Алдағы уақытта қоржынын қобыздың тағы бір түрімен толтыруға мүдделі. Бұдан бөлек кезегін күткендердің арасында елге танымал тұлғалар да бар екенін айтып қалды. Олардың атын атамады шебер. «Себебі, ол кісілердің тапсырысын әлі жасамадым, ойдағыдай шыға ма, ол да беймәлім. Әзірге жұртқа әйгілеп қайтем»  деп ырым етті. Ырымшыл жігіт - жиһаз жасаудың да шебері. Бұл күндегі нәпақасын содан тауып жүр. Әйтпесе шебер қобыз жасауды табыс көзіне айналдырудан аулақ. Шәкірт тәрбиелеу жөнінде сауал қойған едік, «жоқ!» деп шоршып түсті. «Біреу маған қобыз жасаудың құпиясын үйрет деп келуі мүмкін. Ал оның қандай ниетпен келгенін мен білмеймін ғой. Аспапқа деген аса сүйіспеншілікпен емес, ақша табудың жолын іздеп келген шығар. Сондықтан  тәуекелге бара алмаймын», - дейді. Құдай берсе, өз ұлдарына ғана нағыз өнердің құпиясын ашамын деп отыр. Тек әзірге қобызға деген махаббатын құрбыларынан таба алмай жүр отызға орғып шыққан оғлан.


Петр әңгімесін аяқтағанда диктофон уақыты 20 минутты көрсетіп тұрды. Шұғыл қоштасып, шығып кетті. Осы бір сүтпісірім уақытта шебер ішін босатып үлгерді. Бос сөз емес онысы, үлгілі хикаят. «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей» деуші еді ғой. Неміс жігітінің ұлттық аспап туралы ойларын үнемі ой қазанында пісіріп, көңіл көрігінде қорытып жүретінін осыдан аңғарып, тәнті болдық.


Сері жігіт кей күндері достарымен бірге мейрамханаларда ән салатынын айтқан еді шығып бара жатып. Тек көңіл қошы болғанда барады. Шабыты келмесе, шырпы сындырмайды өзі. Жоғарыда айтқан арнасы бөлек өмірі осы болар. Дегенмен мақсаты айқын: прима-қобыз жасаудың шыңына жеткен шебер болу. Қазақтың киелі қобызының қадіріне жетіп, заманауи қалыпқа салып, өшкенімізді жағып, өткенімізді жаңғыртып жүрген өзге ұлттың өкілі өзекжарды қуанышымызды еріксіз тудырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив