Семейде асфальтқа сурет салудан байқау ұйымдастырылды
Семей шаһары әрқашанда балалардың жаңашылдығына айрықша көңіл бөліп, бүгінгі күннің дарынды жастарын елге таныту мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырып келеді. Әсіресе, бейнелеу өнеріне қызығушылықтары бар балақайлар үшін көптеген конкурстар өткізіледі.
Осыған орай бүгін қаламыздағы Достық үйінің алдында Аналар кеңесінің және де татар этномәдени бірлестігінің тікелей бастамасымен Елордамыздың 20 жылдығына орайластырылып, өңіріміздегі мектеп оқушылары арасында «Әлем балалар көзімен» атты сурет байқауы өтті.
Байқауға қатысқан 100-ге жуық жас суретшілер түрлі-түсті борлармен асфальтқа өздері қалаған көріністі әдемілеп суреттеп, екі сағаттың ішінде ғимарат ауласын есте қаларлықтай қызықты суреттермен толтырды. Шараға қатысқан барлық кішкентай бүлдіршіндерімізге тәттілер үлестіріліп, түрлі ойыншықтар сыйға тартылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас жеткіншектердің Отанын сүюге, туған жерге, тарихи мұраларға құрметпен қарауға тәрбиелеуді мақсат еткен осындай қызыққа толы сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.