KZ
Өскемен
+26°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

ШҚО әкімі Ресей елшісін қабылдады

29.05.2018, 14:27 134

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин мырзаны қабылдады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Облыс әкімі кездесу барысында Шығыс Қазақстан туралы жан-жақты ақпарат беріп өтті. Атап айтсақ, өңір басшысы Қазцинк, ҮМЗ, Ақтоғай кешені сияқты өлкедегі алпауыт өндіріс орындарының қазіргі тыныс-тіршілігі мен жоспарларына тоқталды. Әлемдегі берилийдің және танталдың 30 пайызы біздің өңірде өндіріледі деген Даниал Ахметов шикізаттан біртіндеп дайын өнім шығаруға көшу – басты мақсат екенін қадап айтты. Шығыстағы үш ГЭС-тің – Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су электр стансаларының мол мүмкіндіктерін де атап көрсетті. Аграрлық саладағы облыстың әлеуеті де айтылды. Жылына 1 миллионнан астам тона сүт өндіретін Шығыс Қазақстан қазіргі кезде көршілес Қытай нарығына өтуді көздеп отыр.

Былтыр ШҚО мен Ресей арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 360 миллион АҚШ доллларын құраған. Әзірше, сатудан гөрі сатып алуымыз көп болып отыр. Бірақ, алдағы уақытта алыс-беріс, яғни импорт-экспорт тепе-теңдігі орнайды деп күтілуде. Шығыстың Ресей нарығына өткізер тауарлары да баршылық.


Аймақ басшысы осы жылы тауар айналымы 1 жарым миллиард долларға тақайтынын айтып, өзара тиімді қарым-қатынас орнататын салалардың әлі де көп екенін тілге тиек етті.


 

Елші мырза өз сөзін лауазымына кіріскеніне 2 жарым ай ғана болғанын айтудан бастады.


– Құрметті Даниал Кенжетайұлы, мен осы қызметке жуырда ғана кірістім. Бұл – менің Қазақстан өңірлеріне жасап отырған алғашқы сапарым. Оны Шығыстан бастауды жөн санадым. Өйткені, мұнда біздің консулдығымыз бар, ол қазір өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Сосын Қазақстанның өндірістік өңірі болып табылатын Шығыс Қазақстанда ресейлік компаниялардың қатысуымен құрылған кәсіпорындар көптеп саналады. Алдағы екі-үш күнде облысты аралап, жақынырақ танысуға тырысамын, – деді А.Бородавкин мырза.


Жоспар бойынша,ертең елші ШҚМТУ ұжымымен кездесіп, Өскемендегі бірқатар ірі кәсіпорындарды араламақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив