Оңтүстіктен есірткі жеткізіп жүрген алматылық азамат ұсталды
ШҚО ПД
Оның көлігінен мефедронның 6000-нан астам дозасы тәркіленді.
Тәртіп сақшылары "Өскемен-Алматы" автожолында "Тойота Ланд Крузер" автокөлігін тоқтатқан. Оны Алматы облысының 26 жастағы тұрғыны тізгіндеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Көлікті тінту барысында жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заты бар 4 полимерлі пакетті тапты, сонымен қатар көліктің багажынан ұқсас заты бар тағы 15 орама табылып, тәркіленді, - деп хабарлады ШҚО ПД. - Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат "мефедрон" болып шықты, жалпы салмағы 1 кг 850 гр, бұл бір реттік 6000-нан астам дозаны құрайды.
Жауап алу барысында ер адам есірткіні Астана мен Павлодарда таратқанын айтқан.
Күдіктіге қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды.
Ер адам мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз