Өскемендегі аламан бәйгенің автомобилі Аягөзге кетті
Астана қаласының 20 жылдығына орай өтіп жатқан облыс әкімінің жүлдесіне арналған XXI халықтық спорт ойындарының атшабардағы ұлттық ат спорт ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жылына бір келетін дүбірлі додаға әр аудан өзінің ең үмітті қылқұйрықтары мен апайтөс-тастақым азаматтарын әкеліпті.
Қазақтың қанын қыздыратын көкпар ойыны бойынша аптаға жуық айқас жүрді. Тымақтарын жымыра киген қызу қанды азаматтар өз ауданының намысын бермеу жолында барын салды. Талай жылдан бері тақымынан серке бермеген бірнеше аудан биыл жаңа есімдерге жол берді. Сонымен бірінші орынды Өскемен қаласы мен Көпектінің көкжал намыс жігіттері әкетті. Төрешілер оларды ақтық айқасқа шығармастан осылай шешім шығаруды жөн көріпті. Ал үшінші орын тарбағатайлық азаматтардың тақымында.
Қыз қуар бойынша көп сөйлеудің қажеті аз, өйткені облыс тұрмақ республикадан қарсылас шыдатпай жүрген өскемендік Еркеназ бен Ринаттың жұбына бұл бәсекеде де ешкім шақ келмеді.
Үш шақырымнан сәл ғана асатын ұшқыр бәйгеде Дәулет Шайырғазиновтың тақымындағы "Ұшқыр" есімді көкпектілік жел табан жеке-дара келді. Жүлделі, қалған екі орын Шемонайханың қос жүйіріктерінің еншісіне жазылды. Қазақ дейтін халықтың сыр-сипаты мен сал -серілігін әспеттейтін жорға жарысында Руфат Сапашов мінген зыряндық жануар үш айналым бойы алдына қара салмай, қалғандарынан оқ бойы озып келді. Нағыз су төгілмес ақпа жорға десті жұрт. Одан кейін Абай мен Өскеменнің жорғалары мәре сызығын кесті. Жарыстың қызығын, елдің ықыласын арттыратын тағы бір жарыс - он бес шақырымдық топ бәйге. Бұл сында үржарлық Мерхат Сапарғалиев ауыздықтаған жүйрік көреремен көз айымына айналып, мәреден бірінші өтті. екінші, үшінші орындар Семей мен Аягөздің еншісінде кетті. Ал елдің көптен күткен аламан бәйгесі, қызықты жағдайда өтті. Дәл түс әлетінде өткендіктен бе, әлде жылдамдық соншалықты қатты болды ма, 25 шақырымға арналған он айналымды тек жалғыз ат бағындырды. басқа аттардың көбі жол ортадан жарысты аяқтап жатты. Сонымен аздап дауға ұласқан бәйгенің екінші, үшіні орындарына арналған жүлделерді Жарма мен Тарбағатайдың атбегілері бөлісті. Ал, аламан бәйгеге тігілген автокөлікті аягөздік Елжан Ерболұлы тақымдаған "Көгершін" атты сәйгүлік талассыз әкетті. Алтыншы айналымнан бастап алдыға шыққан жануар екінші келген атты бір айналым артқа тастап келді. Жеңімпазға автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев тапсырды.