Семейде «Студенттік буындар 2018» қалалық пікір-сайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды
Қаламыздағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орайластырылып, Семей пікірсайысшылары арасында ең мықты, ең ұйымшыл буын өкілдерін анықтау мақсатында «Студенттік буындар 2018» қалалық пікір-сайыс турнирі өтті.
Тартысқа толы жарыста биылғы жылдың пікір-сайыс түлектері «Португалия», 1-ші курстар «Бельгия», жас буындар «Ресей» және де орта буын «Германия» құрамалары болып бөлініп, өз араларында кіл мықтыларды анықтады. Турнир барысында қатысушылар ЛД, ПДФ, Карл-Поппер, БПФ, АПФ сынды форматтардың барлығын ойнап, өздерінің жан-жақтылығын көрсетті.
Әрбір раундта сөзді бірде салқындатып, бірде оттай жалындатып, тапқырлықпен сөз суретін салған пікірсайысшылар «Б.П Халықаралық ақпарат порталын құруды қолдайды», «Б.П Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан террористердің орталығы болып табылатын «ИКС» қаланы бомбалауға рұқсат береді», «Б.П Қазақстан Республикасындағы барлық халықты біріктіретін ең үлкен біріктіруші күшті атайды»деген қараларға өздерінің идеялары мен тың ойларын білдіре отырып, чемпион атану үшін бар күштерін салды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, орта буын атынан шыққан 3 курс студенттері жеңіс тұғырының биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Ал, командасына ең көп ұпай әкелген «Салауат» интеллектуалды дебат клубының жас буыны Ұлағат Өмек болса «Ең Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.