KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

Кемеровтегі «Зимняя вишня» өрт сөндірушісінің түрмеде жазған хаты жарияланды

29.04.2018, 06:10 122

Кемеровтегі «Зимняя вишня» сауда орталығында болған өртті сөндіру кезінде селсоқтық танытты деп айыпталған өрт сөндіру қызметінің басшысы Сергей Генин түрмеден көпшілікке хат жолдап, қолдау көрсеткендерге ризашылығын білдірді. Хаттан үзіндіні ТЖМ Сібір өңірлік орталығының баспасөз қызметі таратты.


«Сіздерге деген алғысымды қалай жеткізерімді де білмеймін... Өмірде еш нәрсе тұрақты емес екен, мен осындай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойлаған емеспін, бірақ болар іс болды», - деп жазды Генин.

Өрт сөндірушінің айтуынша, тергеу изоляторындағылар да, мекеменің басшылығы да оған жақсы қараған.


«Камераға кірген сәтте еңсем түсіп, күйзелдім, алайда, олар маған моральдық тұрғыда үлкен қолдау көрсетті... Қазір жағдайым тұрақталып қалған сияқты, әкімшіліктің қарым-қатынасы жақсы, дұрыс», - деп жазды Генин.

Оның жазуынша, қамалғаннан кейін ол көп нәрсеге басқаша қарайтын болған. Бастапқыда тергеу изоляторында қиын болған, ол түнімен көз ілмей шыққан, бірақ психологтардың жұмысының арқасында және көршілері мен әкімшіліктің қолдауы оған жақсы көмектескен.


Генин өз хатында жақын арада үйіне және жұмысына қайта оралатынынан үмітті екенін жазды. «Мені ақтайды және босатады!», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, Ресей Федерациясының Кемеров қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында 25 наурызда ірі өрт болып, оның салдарынан 64 адам қаза тапты, олардың арасында 41 бала бар. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал аталған нысанның өрт сөндіру қызметінің басшысы Генинге селсоқтық танытты деп айып тағылған. Тергеудің нұсқасы бойынша, ол өрт кезінде адамдарды құтқару үшін қарамағындағы қызметкерлерін адамдарға жететін қысқа жолды таңдамай, ұзақ жолмен бағыттап, уақытты босқа жұмсаған.



Дерек көзі


Baq.kz


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу