KZ
Өскемен
+24°
гроза жел 3 м/с, ОШ
471.46 504.79 5.53

Мәдени ұжымдар ауылдағы ағайынға жол тартты

19.04.2018, 07:09 121

Бородулиха ауданына шығармашылық сапармен облыстың жетекші мәдени ұжымдары барып қайтты. Атап айтқанда үш күн қатарынан жергілікті халық Семейдегі Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филаромониясы және Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бородулихалықтар Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесіне қанықты.


Жаңа Шүлбі ауылдық округіндегі мәдениет үйіне халық лық толды. Алдымен ауыл халқы Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесімен танысты. Кітапханашылар келушілерге әдебиет саласындағы соңғы жетістіктерді паш етсе, мұражай қызметкерлері құнды тарихи экспонаттарды ұсынды. Әсіресе ұлттық этнография мен ықылым замандағы қару-жарақ түрлеріне қатысты «Қазақтың бес қаруы» көрмесі ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Экспозицияға батырлардың бес қаруынан бастап, ат әбзелдеріне дейін қойылыпты. Сол сияқты байырғы қазақтардың тұрмыста қолданған заттары, дәстүрлі қолөнер туындылары, ұлттық зергерлік бұйымдары да көрмеден орын алды.


-Бірнеше күн бойы аймақтың үздік өнерпаздары өздерінің шығармашылығымен аудан тұрғындарын қуантуда. Өте ризамыз, - дейді аудандық жастар мәслихатының депутаты Бағжан Тұрсынханова.


Ал Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры аудан бүлдіршіндерінің жүрегіне жол тапты. Қазақ труппасы кішкентай көрермендеріне ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Жақсылық пен жамандық» ертегісін қойып берді. Тиісінше аға буын өкілдеріне театр ұжымы драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» спектакілін ұсынды. Психологиялық драмада тағдырлар күресі, отбасылық құндылықтар мен бауырмалдық сезімнің жойылу сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері көрініс тапқан. Тақырыптың негізгі өзегі – мейрімділік.


-Өнер ұжымдарына үлкен рахмет. Көптен бері осындай рухани азық алмап едік. Теледидардан көру бір бөлек, ал тірідей көру мүлдем басқаша. Мұндай талантты жастардың бар екеніне қуандым, - деп өзінің ақжарма лебізін жаудырды бородулихалық әжей Людмила Цвенгер.

Мәдени турне мұнымен үзілмеді. Жергілікті халықты облыстық Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы концерттік бағдарламамен тамсандырды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив