KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1,4 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Семейде Шәкәрім өлеңдерін мәнерлеп оқыған өзге ұлт өкілдері көпшілікті таңқалдырды

6.04.2018, 04:33 283

Семей жұртшылығы әрқашан осы киелі ортада түлеп ұшқан, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған алып тұлғаларымен мақтанады. Ұлылар мекені Семей жері - қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған жер. Осындай қасиетті мекенде туып, топырағына аунап өскен, қазақ поэзиясының асқар шыңы - Абайдай ұлы ұстаздан тәлім-тәрбие алып, қоғамда болып жатқан күрделі тақырыптарға қалам тербеген Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына биыл 160 жыл.


Осыған орай, бүгін шаһарымызда Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Фёдор Достоевскидің әдеби-мемориалдық музейінің тікелей бастамасымен Шәкәрім өлеңдерін сүйсіне оқитын өзге ұлт өкілдерінің арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Шәкәрім оқулары» байқауы өтті.


Сайыстың негізгі мақсаты –Шәкәрім шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту болып табылады.


Байқау жалпы екі кезеңді қамтыды. Бірінші айналымда қатысушылар көркемсөз оқу аталымы бойынша «Мұхиттай терең мұра» деп аталатын бөлімде Шәкірім өлеңдері мен аударған шығармаларын мәнерлеп оқудан сынға түссе, екінші кезеңде Шәкәрім сөзіне жазылған халық әндерін әуелете шырқады.



Төрелік еткен әділ-қазылардың талаптарына сәйкес, қазақ тілінде орфоэпиялық нормаларды сақталуына, өлеңді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқуына және сахна мәдениетіне басты назар аударылды.


Айта кетейік, бұл додада топ жарып, суырылып шыққан бір ғана үміткер Өскемен қаласында өтетін Облыстық «Шәкәрім оқулары» байқауында Семей намысын қорғайтын болады.


Өзге ұлт өкілі бола тұра, тыңғылықты дайындықпен келген татар қызы Камилла Шәкәрім өлеңін жоғары деңгейде оқыды.



Сонымен жеңімпаздардың тізіміне көз жүгіртетін болсақ, Геологиялық барлау колледжінің студенті Богдан Бедер бас жүлдеге лайық деп танылса, Ксения Бугрова , Камилла Гариева және Талшын Саметова жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив