Шығыстағы тасқындар келтірген жалпы шығын әзірге 3,2 миллиард теңгені құрап отыр
Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов аймақтағы тасқындарға байланысты журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Арнайы шақырылған өңірдегі жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне қазіргі ахуалды баяндап, нақты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Аймақ басшысы берген ақпаратқа сәйкес, табиғи апат салдарынан облыстағы 1371 үйді су басқан, оның 135-інде су әлі тұр. Бұл Зырян ауданындағы Зырян қаласы, Малеев, Зубовка ауылдарындағы үйлер. Жалпы саны облыс бойынша 3004 адам қауіпсіз жерлерге көшірілген, олардың 2210-ы үйлеріне оралып отыр. Әзірше, 239 адам эвакуациялық орталықтарды паналауда. Олар үш уақыт ыстық тамақпен, өзге де барлық қажеттіліктермен толық қамтылған.
Жалпы тасқын салдарынан Семей қаласы мен Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілген.
Қазір жағдай толық облыс әкімінің жеке қадағалауында, жер-жерлерде апатты ауыздықтап, салдарын жоюға 3492 еркіті, 603 кәсіби маман және 488 техника жұмылдырылған.
– Зардап шеккен тұрғындардың барлығына көмек көрсетіледі. Үйі бүлінген азаматтарға баспана беріледі. Бұл тұрғыда алаңдауға еш негіз жоқ. Қазір апат салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнайы құрылған комиссиялар шығындарды анықтауда. Алдағы 3-4 күнде сниноптиктер күн жылы болады деп отыр. Әзірге тек Зырян ауданы алаңдатады. Онда әлі ерімеген қар мөлшері жетерлік. Бүгін түсте Зырян ауданына ұшамын, жұма күні Семей қаласына барып, жағдайды бағамдаймын, – деп түйіндеді аймақ басшысы.
Арнайы құрылған комиссиялар шығындарды есептеп жатыр. Қазіргі деректер бойынша 104 үй жөндеуге жарамсыз болып танылған. Бұл – Зырян ауданын есептемегендегі мәлімет. Яғни, Өскеменде 11, Аягөзде 52, Глубокоеде 21, Шемонайхада 16, Катонқарағайда 4 үй толық бүлінген.
Жалпы осы көктемдегі тасқындардан келген шығындардың жалпы сомасы алдын ала есептеулер бойынша 3,2 миллиард теңгені құрап отыр.