Семейде табиғаттың тосын мінезіне дайындық жүргізілуде
Шығыс Қазақстан облысында сәуірдің 3-4-і күндері ауа райы қолайсыздық танытады деп болжануда. Ертістегі мұздың жүруі, сең қозғалысымен қатар жауын-шашын да орын алуы мүмкін. Сондықтан ауыл, аудан, қала әкімдері, жергілікті басшылық табиғаттың тосын мінезіне дайын болу керек.
-Тұрғындар қоршаған ортадағы ауа-райының құбылмалы мінезіне дайын болып, қамдалып отырғаны керек. Бұған жергілікті атқарушы билік жауап береді, ұйымдастыру да солардың еншісінде,- деді ШҚО ТЖД Семей қалалық Төтенше жағдай басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Қанат Әбділов, - Әкімдіктің жауапты мамандары апатты-құтқару жүйесін құрып, өз күштерімен дайындалуы тиіс. Байланыс хабарлары үзілмеуі керек. Авариялық бригадалар мен техникалардың дайындығын қамдаған жөн. Жергілікті көпір мен жолдардың барысы тексеріліп, көлік қозғалысын да назарда ұстау қажет.